Ақтөбе облысында өңірлік маңызы бар жолдың сапасы сын көтермейді

Ақтөбе облысында өңірлік маңызы бар жолдың сапасы сын көтермейді

Ақтөбе облысында жөндеу жүріп жатқан өңірлік маңыздағы жолдың жыры бітпеді. Бірқатар учаскеге төселген асфальт жамылғысы көлік салмағына шыдас бермей ыдырап жатыр. Ал «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» жолын жөндеу үшін бюджеттен 200 млн теңге қаралған. Бірақ жұмыс сапасы көлік жүргізушілерінің көңілінен шықпай отыр. 

Ұзақ Едігеев «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» жолының жағдайын жақсы біледі. Облыс орталығы мен Байғанин ауданы арасында күн сайын жолаушылар тасымалдайтын ол осы жолдың сай-саласын жаттап алған. Бір ай бұрын жөндеу басталып, шұрық-тесігі жамалғанда қатты қуанған еді. Алайда тегістелген жерлердің қайта бұзылып жатқаны көңілін түсіруде.

Ұзақ Едігеев, Байғанин ауданының тұрғыны:

- Бұрын жақсы еді. қазір міне құртылды. Мына фуралар құртып кетті, болды. Жасап жатыр жасауын. Жасауының кемі жоқ. Міне биыл жасаған жер ғой. Кеше ғана құртып кетті.

Бұл жалпы ұзындығы 174 шақырымды құрайтын орташа деңгейдегі жол. Облыс орталығынан бастап алты ауылдың үстімен өтіп, «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» республикалық маңыздағы делізге қосылады. Бірақ, соңғы жылдары көбейген көлік ағынына шыдас бермей, әр жерден тесік пайда болған. Салдарынан қазір жыл сайын күтіп ұстауға бөлінетін 110 млн теңге көлеміндегі қаржы, жолдың жағдайын қалыпты сақтауға жеткіліксіздігін көрсеткен. Сондықтан биыл қосымша тағы 200 млн қарастырылып, ағымдағы жөндеу жүргізу қолға алынған. Алайда, төселген асфальт жамылғысы кей жерлерде бір апта өтпей қайта ыдырай бастапты. 

- Осы жол енді бұрын істелгеннен бері, 5-6 жыл болды ма екен жобамен, бір 2-2,5 жылдай нормально жатты. Содан кейін қайтадан резко осындай болып қалды ғой.

- Бұл жерде қауіпті жерлер көп. Жолды мына жақта ремонттап бастап, кесіп-кесіп аяқтамай тастаған. Еще қырдан түскенде сондай көп жерлер.

Жауапты басқарма өкілдері жолды дұрыстау басты мәселеге айнала бастағанын мойындап отыр.

Айтуларынша, бұған негізінен екі жағдай себеп болған. Алғашқысы, Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы жолдың жаңартылып жатқанына байланысты ауыр жүк көліктері де осы дәлізбен өтетін болды. Ал екінші көктемгі су тасқыны. Қырдан келген топан су облыстық маңыздағы жолдың он учаскесін шайып кеткен. Нәтижесінде тексеру кезінде 29 мың шаршы метр жерде жөндеу жүргізу жоспарланған.

Рүстем Төреғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда 13 мың шаршы метр жол жөнделді. Соның біз 6 мың шаршы метрін қабылдадық. Себебі қалған жөндеу учаскесінде ақаулар пайда болып,  анықталып жатыр. Оның барлығы енді мердігер мекеменің кепілдік мерзімі бар. Сол кепілдік аясында қайтадан қалпына келтірілетін болады. 

Ал мердігер компания басшысының өз айтары бар. Жолды сапалы жөндеу үшін жобада көрсетілгендей 10 см қиыршық тас, 5 см асфальт төсеу жеткіліксіз. Сол себепті жасалған учаскелер көп ұзамай-ақ қайта бұзыла бастайды. 

Сүлеймен Ахметбек, мердігер компанияның басшысы:

- Ана жерде жердің бетіне 5 см асфальт, 10 см щебень ештеңе шешпейді. өйткені, ол жолдың асты балшыққа бөгіп тұр суға. Сондықтан оның астын дұрыстамай бетін дұрыстауға келмейді. Тек ямочный ремонт деп конкурста солай аталды. Сосын технодзор да қаралмаған. Сондықтан қазір енді мойныма алған аманат болғаннан кейін мен оған қиянат жасай алмаймын. Жасап бітіріп, абыроймен шығуға ниеттеніп отырмын. 

Қалай болғанда да биыл жоспарланған жұмыс толық аяқталмақ. Бірақ жауапты мекеме өкілдері де, жолшылар да бұнымен мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан келер жылы осы бағытты толық жаңарту үшін сметалық құжат әзірленбек. Ал өңір бойынша биыл 643 шақырым жолды жөндеу көзделіп отыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев