Аптап ыстық жүргізушілерге қалай әсер етті – Түркістан облысы

Соңғы екі апта көлемінде Түркістан облысында аптап ыстық болды. Ауа температурасы +47 градусқа дейін жетті. Үнемі жолда жүрген жүргізушілерге бұл қалай әсер етті? Шекаралық бекеттерде жүргізушілерге тоқтап, сергіп алуына жағдай жасалған ба? Арна тілшісі анықтап көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан «Батыс – Қытай, Батыс – Еуропа» күрежолының бір бөлігінде цемент-бетон жабындысы көтеріліп кетті.. Бұл республикалық маңызы бар «Батыс – Қытай, Батыс – Еуропа» күрежолының бойындағы облыстық ПД қарасты Сауран шекаралық бекеті. Бұл жерден күніне мыңдағын көлік өтеді. Алайда бүгін күндегідей емес, аптап ыстықтың беті қайтқан. Біз бірнеше көлікті тоқтатып, жүргізушілерден ерекше ыстық ауа райы қалай әсер еткенін сұрадық.

Сабыр Бейсенбаев, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Жол болғаннан кейін асфальттың ыстығы қатты ұрады ғой. Өткендегіге қарағанда қазір сәл салқындап келе жатыр ауа райы. Өткендегі ыстықтар енді өздеріңізде көріп жүрсіздер мүмкін емес қой. Арасында жүріп-тұрдық амал жоқ, не істейміз.

Меккен Төлепбергенов, Жаңақорған ауданының тұрғыны:

Бүгін ауа райы жақсы. Бұрынғыдай емес. Осыдан 2-3 күн бұрын одан да қатты ыстық болған. Ол кезде кондер де көмектесе алмай қалды. Сонда да амал жоқ, бала-шаға бағу керек. Түркістан мен Жаңақорған арасында таксовка жасаймын. Нан талаппен жүреміз. Осы екі ортада осы бекетке тоқтап, ішінде душы бар, соған түсіп, анда-санда өтіп кетеміз.

Берік Тұрсынбекұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Мен өзім Шымкент қаласында тұрамын. Түркістанға қатынап жұмыс істеймін. Өткендегі аптап ыстықтар өте қатты болды. Жолдар көтерілген кезде де қиын болды. Аспан айналып жерге түскендей ыстық болды ғой бұл. Амал жоқ, күнделікті қатынап жұмысқа келу керек.

Түркістан облысы аумағында екі шекаралық бекет бар. Оның бірі – Түлкібас ауданындағы Шақпақ, екіншісі – осы Сауран бекеті. Аптап ыстық басталғалы бері мұнда жүргізушілер тоқтап, сергіп алу үшін суға түсу бөлмесі мен қан қысымы көтерілген жолаушыларға қызмет көрсететін медициналық кабинет жасақталыпты. Одан бөлек тегін WAI-FAI желісі іске қосылған. Бұл да болса жолдан қажып, ыстықтан қашқан жүргізушілерге медет болды.

Өмірбек Әбзейітов, облыстық ПД ЖП қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Қазіргі уақыттағы ауа райының ыстықтығына байланысты жолаушылардың жол бойында автокөліктерінде ахау болып, күннің ыстығынан бұзылып, жол бойында қалып кетіп және ыстықтан дөңгелектерінің желсізденіп, жарылып қалу жағдайларынынң көптеп болуына байланысты біздің облыстық ПД қарасты потрульдік полиция батальоны қызметкерлері өзіміздің облыс аумағында бекітілген аумақтарда күндіз-түні 24 сағат кезекшілікпен жұмыс істеп жатырмыз.

Айта кетейік, жақында аптап ыстықтан республикалық маңызы «Батыс – Қытай, Батыс – Еуропа» күрежолының бір бөлігі тағы да көтеріліп кетті. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының мәліметінше, М-32 Самара – Шымкент тас жолының 2234-ші шақырымындағы цемент-бетон жабындысы көтерілген. Ал өткен айда дәл осы жолдың Төрткөл кенті аумағындағы цемент-бетон плитасы көтерілген болатын. Ол кезде жүргізушілер ақылы жолдан өте алмай әбден әбігерге түскен еді. Мамандар осы аптада ыстықтың беті қайтатынын айтады.

Авторлары. Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов