Павлодар облысында туберкулезбен ауыратындар көбейді

Павлодар облысында туберкулезбен ауыратындар көбейді

Өңірде аурушаңдық деңгейі 6,7 пайызға өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Ресми деректер бойынша Павлодар облысында жыл басынан бері туберкулездің 154 жаңа жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осындай кезеңінде 145 науқас анықталды. 

Мамандардың айтуынша, туберкулездің қоздырғышы микробактериялар, ал инфекция көзі туберкулезбен ауыратын адам, сондай-ақ аурудан зардап шеккен ірі қара мал. Науқас адам жөтелу, түшкіру арқылы сілекеймен, қақырықпен туберкулез таяқшаларын сыртқы ортаға шығарады. Дені сау адамдар науқастың заттарымен байланыста болған кезде, туберкулезбен ауыратын сиырлардың шикі сүтін қолданған кезде жұқтыруы мүмкін. Көбінесе тыныс алу мүшелері зақымданады. 

Кейбір адамдарда туберкулез дене қызуының көтерілуі, жөтел сияқты белгілер арқылы байқалса, енді біреулерде  тек әлсіздік, шаршау, 37 - 37,5 градус температура, шамалы жөтел болады, ал кейбір жағдайларда белгілерсіз өтеді.

Туберкулезбен ауыратын науқастар аурудың түріне байланысты ұзақтығы төрт айдан бір жылға дейін және одан да көп ұзақ үздіксіз емделуге жатады. 

Ерте диагноз қою және уақытылы емдеу өте маңызды. Ерте диагностика мен алдын алудың негізгі әдістеріне 15 және одан жоғары жастан асқан адамдардың кеуде қуысының флюорографиясы, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге тері астына манту  қою жатады. 

Сарапшылардың айтуынша, жоспарлы иммундаудың көп жылдық тәжірибесі туберкулезге қарсы күрестің тиімділігін көрсетті. 

«Биыл 36345 манту сынамасы, 10700 диаскинтест жасалды. Жүргізілген ем-шаралардың нәтижелері бойынша облыста 75 бала химиялық профилактика алуда» деп хабарлады Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті фтизиатр дәрігердің кеңесінен ешқашан бас тартпауға және тексерілуді кеш қалдырмауға кеңес береді.