Кенесарыдан Мұстафа Өзтүрікке дейін...

Кенесарыдан Мұстафа Өзтүрікке дейін... Темірат тізгіндеген әріптесіміз, «Хабар 24» арнасының тілшісі Ернат Қашқынов көрерменге жақсы таныс болуы тиіс. Велошабандоз осыған дейін ел ішінде түрлі шеру өткізіп, екі мәрте Қазақстан рекордын орнатты. Таяуда Кенесары ханның рухына арнап, Қарағандыға барып қайтқан. Енді осы жолды жалғастырып Ыстанбұлға сапар шекпек. Бұл сапарды Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылынан бастайды. Ал Түркияда Мұстафа Өзтүріктің басына барып, құран бағыштайды.

Темір ат тақымдаған Ернат Мелсұлы осыған дейін Қарағандыға барып қайтты. Жолын Кенесары ханның 220 жылдығына арнаған. Бұл алдағы қырқүйек айында Түркия сапарының бастауы еді. Енді сол жолды одан әрі жалғастырмақ.

Яғни Ахмет Байтұсрынұлыынң 150 жылыдғы өтетін Ақкөлге барып, сол жерден Стамбұлға жүріп кетпек. 

Ернат Мелсұлы, журналист, велосаяхатшы:

- Биыл негізі Кенесары ханның 220 жылдығы ғой, бұл жердегі мақсат сол 220 жылдыққа 220 шақырымды бір күнде бағындыру болған. Енді осы велошерулерді әрі қарай жалғастырып жатырмын. Алдағы мақсатым халықаралық деңгейге шығу. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап Әзербайжан, Грузия, Түркияға дейін барамын.

Сонымен сапар Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған жер – Ақкөл, Сарытүбектен 4 қыркүйекте басталады. Әрі қарай сапар Торғайда жалғасып, Амантоғай, Әулиекөл, Қостанай, Ақтөбе, Бестамақ, Атырау, Ақтауға дейін барады. Сол жердегі Құрық теңіз айлағы арқылы Каспий теңізінен кемемен өтіп, Бакуде велосипедке қайта отырады. Әрі қарай сапар Гәнжә, Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Ризе, Трабзон, Орду, Самсуннанға дейін барады. Сол жерден Анкараға жетіп, Ататүрікке тәу етіп, велошеруді Ыстанбұлдағы Мұстафа Өзтүріктің зиратында аяқтамақ.

Ернат Мелсұлы, журналист, велосаяхатшы:

- Жыл сайын осындай мерейтойларға арнап велошерулер ұйымдастырып жатырмын ғой. Осының бәріне ортақ бір идея бар. Ескірмейтін идея. Бұл Абайдың толық адам идеясы. Осы велошеруімнің бағытында Абай Құнанбайұлының атында көше бар, ескерткіштер бар, мәдени орталықтар бар. Сол жерге барып, ағылшын тілінде толық адам идеясын жеткізгім келеді. Бүкіл жағдайға дайындалып шығам. Жаңбыр киімін алып шығамын. Далада да түнеуге дайынмын. 

Сапар шамамен 55 күнге жалғасып, шабандоз 5555 шақырым жол жүреді. Шерудің тағы бір мақсаты Әзербайжан, Грузия, Түркия елдері мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын насихаттап, ұлттарды достыққа үндеу.

Бекзат Аманов, Аят Дүйсенбаев