Қазақстан мен Әзербайжан арасында сауда айналымы 6 есе артты

Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, Қазақстан Әзербайжанға тауар экспорттаушы негізгі 5 елдің қатарына енді. Сарапшылар мұны екі ел арасында экономикалық байланыстардың нығаюмен түсіндіріп отыр. 

Биылғы жылдың алғашқы 6 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 6 есе артып, 326 миллион долларға жетті. Қазақстан бұл елге мұнай мен мұнай өнімдерін, құрыш, металл бұйымдарын, теміржол техникасын, локомотивтер мен бидай экспорттайды.

Ильгар Велизаде, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі:

- Былтыр бизнес-форумдар өткізілді. Бұл сауда-экономикалық қатынастардың дамуына, атап айтқанда тауар айналымына әсер етті. Осы форумдар аясында химия өнеркәсібі өнімдерін, металдар және азық-түлікті жеткізуді қарастыратын маңызды келісімдерге қол қойылды.  

Әзербайжан импортындағы Қазақстан үлесі 5 процентке тақап қалды. Тауардың 105 түрін жеткізеді. Транскаспий бағдарын дамыту қажеттілігі артқандықтан, қос ел мультимодалды тасымал көлемін ұлғайтуға тырысып келеді.

Ильгар Велизаде, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі:

- Қазақстанда бірқатар әзербайжандық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар екіжақты тауар айналымын ынталандырып келеді. Оған қоса биыл өткен үкіметаралық комиссия тараптар алдына өршіл жоспарлар қойып тұрғанын көрсетті. Инвестициялық ынтымақтастық, түрлі салаларда бірлескен кәсіпорындардың құрылуы да тауар айналымының күрт өсуіне әсер етіп отыр.

Геосаяси ахуалға байланысты жағдай да өзгерді. Тауар жеткізу құны мен мерзімі де өсіп келеді. Осы сынақтарға қарамастан биылғы жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналым жарты миллиард долларға жетуі мүмкін.

Камилла Джабарова, Айгюн Гасан