Түркістандағы қабырғасы қисайған мектеп бала өміріне қауіпті

 Бұл Шардара қаласындағы Өтеғұл елдімекенінде салынған  250 орындық мектеп. Мұндағылар заманауи білім ордасының  5 жыл ішінде тозығы жеткенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бала өміріне алаңдаған мектеп басшылығы нысанның бір бөлігін жауып тастады. Өйткені іргесі сөгіліп, қабырғасы құлап жатыр, - дейді.

Мамандар мектеп жоспарлы уақытынан кеш тапсырылғанын айтады. Себебі  құрылыс талаптары бойынша кемшіліктер анықталған. Алайда жауаптылар кемшілікті жою жұмысы жүргізілмей жатып ғимаратты қабылдап алды, - дейді. Мердігер мекеменің өкілдері кепілдік мерзімі өтіп кетті деп отыр. 

Нұржамал Әділова, мектеп директорының орынбасары:

- Мына қабырға қисайды. Арасы ашылып кетті. Одан кейін біз опасно деп ремонт басталғанша тіреп қойдық ағаштармен. Енді бұздырып жатырмыз. Мердігер сол күйі келмеді. Гарантийный срок деді да келмеді.

Ата-аналар оқу жылы басталуға таяғанда мектепке күн де келіп жүр. Баласының өміріне алаңдағандар сабаққа жіберуге жүрексініп отырмыз, - дейді.   

Зоя Есбосынова, Шардара қаласының тұрғыны:

- Менің балаларым оқиды мұнда. Әлі алда 4-5 балам оқиды бұл жерде. Қандай жағдайға тап болатынын білмеймін. Балалар төбеге мінген жағдайда төменге түсіп кетсе ойылып, әлде мына шеті құлап кетсе, естігелі бері қорқамыз.

Биыл облыс қазынасынан мектепті ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Бар ақша сыры кеткен  қабырғаны сырлап, жарықшақтарды жамауға ғана жетеді, - дейді ұстаздар. Бұл облыс аумағында осындай күйдегі  жалғыз мекеме емес.

Дінислам Болатханұлы,  облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Ордабасы ауданында да мектептер 2017 жылы ғана салынған. Бірақ қазіргі уақытта сол. Сайрам ауданында да сондай мектептер бар. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында да бар. Бірақ сол мектептерге де бізден қайта қаржы сұрап отыр. Үш мектеп бізде Жетісайда, Сарыағашта және Қазығұртта осындай проблема бар.

Енді білімге жауапты басқарманың өкілдері сапасыз мектеп салған мердігерлердің тізімін құзырлы органдарға тапсырмақ. Нысанды қабылдаған мамандар да жауапкершілікке тартылатынын айтады. Ал Шардарадағы мектеп сабақ басталғанға дейін жөндеуден өтіп, дәстүрлі оқу форматында жалғасатын болады, -дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы