Қарағанды облысында жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілі талқыланды

Квазимемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлық қылмысының алдын алу үшін комплаенс қызметін жетілдіру керек. Өкінішке қарай, елімізде оны жүзеге асыратын кәсіби мамандар тапшы. Бұл туралы «Жемқорлыққа қарсы комплаенс–Жемқорлықсыз Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы маңызды құралдардың бірі» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент ұйымдастырған жиында өзге де мәселелер көтерілді. Жалпы «комплаенс» дегеніміз не? Бұл ағылшын сөзінен аударғанда «сәйкестік» деген мағынаны білдіреді. Яғни халықаралық заңнамалардың сәйкестігін тексеріп, талдау жүргізеді. Сыбайлас жемқорлық әрекетінің алдын алумен күреседі. Бірақ өкінішке қарай бізде оны жүзеге асыратын маман тапшы.

Гүлнар Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бізде қазір өкінішке қарай, комплаенс-қызметкерлер жоқ десе де болады. Өз-өзімізді комплаенс-офицерлер деп атап жүрміз. Бірақ ондай мамандық жоқ қой. Сондықтан ең әуелі оларды даярлайтын оқу орындарын ашып, әдістемесін жасауымыз керек. Қазір осы мәселені заңдық тұрғыда шешу жағын ойластырып жатырмыз.

Қазір комплаенс қызметі квазимемлекеттік салаға біртіндеп енгізіліп жатыр. Себебі оларға мыңдаған айыппұл төлеп, қылмыстық іс қозғалып, компанияның атына нұқсан келгеннен гөрі «комплаенс-офицер» ұстаған анағұрлым тиімді. Бірақ басшы шын ниетімен мүдделі болмаса, бұл әрекет нәтиже бермейді.

Арслан Мыңғышев, превенция басқарма басшысының орынбасары:

– Басшыларда жемқорлық күрес бойынша бір мүдде болмаса, өзі оған қызығушылық танытпаса бұл жұмыс әрине өте баяу жүреді, жүрмеуі де мүмкін. Сондықтан жаңа айтып жатырмыз ғой бізде Жаңа Қазақстан, бағыт басқа. Басшылар осыны түсініп, өзінің қызметінде жемқорлықты болдырмау үшін, қайталап айтамын, профилактикалық түрде осы комплаенс қызметінің түрін жандандыру керек.

Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы Мұрат Төлеубаев дөңгелек үстелде көтерілген барлық мәселелер тиісті органдарға жеткізілетінін мәлімдеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар