Жылына 400-ге жуық сотталушы кәсіби білім алады

Жылына 400-ге жуық сотталушы кәсіби білім алады

Бұл – Степногорск қаласындағы ЕЦ-166/18 түзету мекемесі. Мұнда қазір 600-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың біразы бұған дейін оқып үлгерсе, бүгінде тағы 100-і Степногорск жоғары колледжінің студенті. Семей қаласының тумасы Жігер Құсайынов та, биыл тігінші мамандығына түсті. Енді ол бір жылдай білім алып, кәсіби маман атанады.

Жігер Құсайынов, жазасын өтеуші:

- Бостандықта бизнеске көп көмектер болып жатыр. Өзім осы оқуды игеріп, диплом алып, кейін бостандыққа шыққаннан кейін кішігірм өзімнің кәсібімді ашып, жұмыс істесем ба деп отырмын. Бұл бизнес – өлмейтін бизнес. Адам әр уақытта киімге мұқтаж. Және де осы киім арқылы өз әке-шешеме, бала-шағама деген сияқты жағдай жасау, көмектесу.

Түзету мекемесі басшылығының сөзінше, колледж филиалы ашылған алғашқы жылдары жазасын өтеушілер жаңа мамандық меңгеруге қызығушылық таныта қоймапты. Алайда, кейіннен осында жүріп-ақ оқып, дәл осы жерде жұмыс әрі табыс тапқан қатарластарын көргенде, басқалары да көптеп ниет білдіре бастаған. Оның бір ғана дәлелі, мәселен, кәсіби білім алуға жылына 100 грант бөлінсе, биыл 140 сотталушы оқимын деп өтініш берген.

Галина Бонар, колледж директорының орынбасары

- Биыл құрылысшы мамандығын аштық. Сөйтіп, қазір бас-аяғы 6 мамандық бойынша білім беріп жатырмыз. Оқуда теория мен практика қатар жүреді. Біз осындағы жұмыс берушілерге ең қажетті деген кәсіп иелерін дайындаймыз. Сондықтан да колледж дипломын алған сотталушылардың барлығы дерлік қазір еңбек етіп жүр.

Иә, жазасын өтеушілерге бірнеше жеке кәсіпкер жұмыс беріп отыр. Осылайша қазір 600 сотталушының жартысынан астамы еңбекке тартылған. Оларға тиісті жалақылары да төленеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный