Көгалдандыру ісінде күрделі мәселелер қалай шешілмек – Қарағанды облысы

Қарағанды облысында үш орман шаруашылығы бар. Олар арнайы тұқымбақта көшет өсіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейін оны тиісті жерлерге егеді. Биыл 1,2 млн ағаш егу жоспары болған. Көктем айларында 500 мың түп көшет егілген, тағы 700 мыңы күз айларында егіледі. Ал алдағы жылдары бұл көлем бірнеше есеге асып отырады. Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Президент қойған межеге қалайда жетеміз деп тырысып жатқанын айтады.

Нұрбек Серіков, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Тұқымбақтарымыз 156 гектарға дейін көбейеді. Сол арқылы біз 75,6 млн.ды өсіреміз өз күшімізбен. Негізі бұл орыдалатын жоба, қажетті қаражат көзделініп тұр.

Бірақ мәселе тек қаражатта емес. Ол климатқа да, қала берді жердің құнарлығына да байланысты. Қарағанды өңірінің топырағы да 3-санатты ауыр топырақ болып есептеледі. Сондықтан мұнда егілетін ағаштар екі жыл бойы қолда, тұқым бақта өсіріледі.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Қарағандының қатал климатында кез келген терек өсіп шыға бермейді. Мамандар осында қарағаш пен үйеңкі еккен тиімді дейді. Мысалы, мына алқапқа үйеңкі егілген мамандар екі жыл бойы баптап өсіреді, аптасына бір мәрте суарып отырады. Ол талапқа сай кемі жарты метрге дейін өсіп шығуы тиіс. Егер барлығы сәтмен болса мамандар оны тағы 5 жыл баптап отырып, тиісті жерлерге егеді. Нәтижесінде мынандай әдемі үйеңкілер өсіп шығады.

Биыл 1 млн 200 мың түп ағаш еккендер алдағы 3 жылда аталған көлемді 75 млн түпке дейін ұлғайтады дегенге сену қиын. Бірақ осы салада 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Елубай Рсалдин қазір жұмыстың қарқын алып күн-түн демей жүріп жатқанын айтады.

Елубай Рсалдин, орман өсіру ісі бойынша инженер:

– Қазып алғаннан кейін дайындалған жерге егеміз. Еккеннен кейін күту жұмысын жүргіземіз. Арам шөбін культиватормен алып отырамыз. Біздің облыс бойынша бекітілген шығу нормативі 60 процент. Ол егілгеннен кеін 1 жыл бойы түгендейміз. Процент төмен түсіп кетсе, біз 25 процент қайтадан толықтыру жұмыстарын жүргіземіз қосымша.

Сіріңкенің бір талы жылдар бойғы еңбекті еш кетіретіні белгілі. Соның айқын дәлелі Қарағандыда болған мына жағдай. Қала шетіндегі орман алқабы отқа орынған болатын. Енді 70 гектар жерді қалыпқа келтіру үшін мамандар жылдар бойы тер төгетін болады. Алдымен мұндағы ағаштар саны анықталып, артынша енді өсім бермейтіндер толық жойылады, тек содан кейін ғана өртенген ағаштың орнына жаңасы егілеттін болады. Орманның толық қалыпқа келуі үшін кемі он жыл керек дейді мамандар.