Жетісулық бағбандар жылдағыдан мол өнім алды

Биылғы күз жетісулық бағбандар үшін берекелі болып тұр. Ала жаздай еңбек еткен шаруалар өнімді жылдағыдан 1,4 есеге көп жинады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұның сырын олар ауа райының қолайлы болуымен түсіндіріп отыр. Өнім мол болғанымен, шаруаларды алаңдататын мәселе де бар. Көксу ауданындағы бұл шаруашылық биыл қырық гектарға картоп екті. Қазір соның әр гектарынан 270 центнерден өніп алып жатыр. Жиын терін науқанына тұрақты жұмысшылармен қатар жақын маңдағы ауыл тұрғындары тартылды.

Баян Ингесиева, ауыл тұрғын:

5-6 мың аламыз күніне. 5-те қайтамыз. Енді бос отырмау керек. Енді бәрін алып шығып жатырмыз. Бала болсын, шаға болсын, ата-апа бәрін еңбекке ауылда қарап отыруға болмайды. Еңбек істеу керек.

Қизат Абиров, шаруа:

СПК дан 29 млн кредит алдық. Орнына 2602 тонна картошка өткізуім керек. Қыста алады. Проценті ең төмен. Келесі жылы берсе тағы аламыз.

Былтыр Мұсабек ауылдық округіне алғаш рет қызанақ егілген еді. Өнім молынан шыққан соң Есхат Қайса биыл егістік көлемін екі есеге дейін ұлғайтып, 4 гектарға жеткізді.

Есхат Қайса, бағбан:

Бір гектардан 70-80 тонна шығады. Жалпы жоспар 250-280-нің ортасы. Келесі жылдан бастап 6-7 гектарға егіп көбейтсек пе деп отырмын.  

Таяр Зейналов пияздың әр келісін жерлестеріне 60-70 теңгеден сатады. Осылайша ол өз ауылдастарының қысқа қамдануына мүмкіндік жасап отыр. Елуден аса адамды жұмыспен қамтыған бағбан жиналған өнімді өткізуде еш мәселе жоқ. Тек оның бағасы еңбекті ақтамайды, пайданы алыпсатарлар көреді.

Таяр Зейналов, шаруа:

Тыңайтқыш, гербицид, жанармай бәрі қымбаттады. Ал біздің өнім арзан. Пиязды өсіргенде өзіндік құны 40-45 теңге болады. Оған еңбекақымызды қосып сатамыз. Бізден алған өнімді кәсіпкерлер базарда 100-120 теңдеден сатады. Сонда олар жаз бойы еңбек ететін бағбандарға қарағанда көп табыс тауып отыр. Тауарды егістік алқаптан дүкен сөрелеріне дейін жеткізетін мекеме болса дейміз. Өйткені біз пиязды алыпсатарлардың ұсынған бағасына беруге мәжбүрміз. Сол себепті шығынға ұшырап отырмыз.

Биыл аудандағы қоймаларға 30 мың тонна көкөніс сақтау жоспарланып отыр. Соның бір бөлігі қара күзден бастап баға тұрақтылығын қамтамассыз ету үшін нарыққа шығарылады. 

Ұлан Досымбеков, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына келісімшартқа отырған. Сол мекемемен бағаны тұрақтандыру аясында сол жақта сақтайтын болады. Біз он ауыл 34 елді мекенді ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, ауылға қажетті сұранысты жинап сол кісілерден алғызып береміз. Картошка енді былтыр 140 теңгеден алдық, биыл да сол көлемде болады.

Жетісулық шаруалар бүгінгі күнге дейін 320 мың тонна көкөніс жинады. Енді бірер аптадан соң олар қант қызылшасына соқа салып, майлы дақылдарды оруға кіріседі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден Олжас Байбосынов