Алматылықтарға МӘМС жүйесімен 78 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді

Алматылықтарға МӘМС жүйесімен 78 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді

Биыл соңғы 7 айда МӘМС пакеті арқылы көрсетілген қызметтер үшін 78 млрд теңгеге жуық қаржы төленді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалы баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қаңтар-шілде аралығында төленген қаржының басым бөлігі, яғни 40,6 млрд теңгесі стационарлық деңгейдегі медициналық көмекке, тағы 3,2 млрд теңгесі күндізгі стационар қызметіне жұмсалған.

«7 айдың нәтижесіне қарап, халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмек көлемінің едәуір артқанын байқауға болады. Мәселен, бұған дейін көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қымбат анализдер, диагностика мен операция түрлері қазір медициналық сақтандыру есебінен көрсетіліп жатыр», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Төленген қаржының 15,9 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге тиесілі. Консультативтік-диагностикалық қызметтер ішінде, әсіресе, КТ мен МРТ-ға деген сұраныс жоғары. 7 айда Алматы қаласында 996,8 млн теңгеге 62 мыңнан астам компьютерлік томография, 744,2 млн теңгеге 50 мыңнан астам магниттік-резонанстық томография жасалған. Сонымен қатар қала бойынша онкологиялық ісікті анықтау мақсатында жасалатын 2793 ПЭТ-диагностика қызметі көрсетілген. Оған 750,1 млн теңге төленді.

Қымбат қызмет түріне жататын ЭКО процедурасы 2020 жылдан бастап МӘМС пакетіне еніп, қарапайым жұртшылық үшін қолжетімді бола бастады. 2022 жылы ЭКО бағдарламаларына 3,2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұған барлығы 3152 ЭКО жасалуы тиіс. Өткен 7 айда Алматыда 1639 ЭКО жасалып, оған 1,7 млрд теңге төленді. Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 8 клиника қатысып жатқанын айтты филиал басшысы.

Естеріңізге сала кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Олардың арасында тісті жансыздандыру, химиялық пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен перидонтитті емдеу, флюороз, гипоплазия кезінде тістің анатомиялық пішінін толық қалпына келтіру, тісті хирургиялық жолмен жұлу т.б. қызметтер кіреді. Ал шұғыл стоматологиялық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттарына ғана көрсетіледі.