Атырау облысының екі ауылында қорадағы қой-ешкіні белгісіз жыртқыш қырды

Қазан айының басында Атырау облысындағы Индер ауданына қарасты Есбол және Елтай ауылдарында белгісіз жыртқыштың қорадағы малды қырып кеткені туралы әлеуметтік желіде жарияланды. Бас-аяғы 3 күнде бір ауылдан 30-ға тарта қой-ешкі шығын болды. Ауылды шулатып жүрген бұралқы иттер болуы ықтимал. Қалай дегенімен күнелтіп отырған түлігінен айырылғандар дабыл қағып отыр. 

Бұл қазан айының басындағы көрініс. Елтай ауылына таң алдында кірген белгісіз жыртқыш қорадағы қойды өлтіргенін өлтіріп, қалғанын жаралап кеткен. Ит-құстан зардап шеккендердің бірі Жалғас Наурыз деген тұрғын.  Ол бір түнде 20-ға тарта қой-ешкісінен айырылып қазір бос қораны күзетіп қалғанын айтып ашынады. 

Жалғас Наурыз, Елтай ауылының тұрғыны:

- Таңертең келсем бірінің шек-қарны жарылып жатыр, тағы біреуі мына жерде жатыр. Үшеуінің құйырығын тартып жаралап кеткен. Қалғаны 13 қой, үшеуін сойып алдым қалғандары арам өлді машинаға тиеп жібердім. Таңда жұбайым шыққанда қора жақта қаңсылап жатыр деді. Қораға келгенде 3 ит! Ит дейді енді, әйел адам қасқыр ма, шакал ма білмейміз енді. Қашты дейді. Сонан мен келсем осылай жайрап жатыр.

Осылайша 2-3 күнде Елтай ауылында 30-ға тарта қой-ешкі итқұстың жемі болды. Ауылдың қақ ортасындағы Тыныштықовтардың қорасына белгісіз жыртқыш қораның іргесін қазып кіріпті. 

Мағжан Тыныштық, елтай ауылының тұрғыны:

- Мен түнгі 3-терде далаға шыққам. Онда тыныш болды. Таңертең малды жайлауға келгенде белгілі болды жағдай. Негізінен ірі қойлдар,қошқар, аналық саулық сондайлар ғой. Ит көп негізі өзім жаспын ғой, түнде көшеге шығамыз. Сондай байқаймын ит көп, жас балаларға шабуы мүмкін. Аулау керек. 

Сонымен айдың-күннің аманында ауылға ылаң салған ит пе, қасқыр ма белгісіз күйінде қалып отыр. Осы оқиғадан кейін округ әкімдігі ауыл тұрғындарымен бірлесіп кезекшілік ұйымдастырыпты. 

Амантай Қуатов, округтік ветеринария бөлімшесінің меңгерушісі:

- Сонда байқағанымыз қоқыс полигонында 4-5 бұралқы ит бар екен. Солар екені анықталды. Көрген жігіттер бар. 2 қара, 2 сары ит деп отыр. Ауыл шетінде кішкене тоғай бар. 1-2 шақырым жерде онда шакалдар бар екені рас. Бірақ олар ауыл ішіне кіреді деп айта алмаймын.

Есбол, Елтай ауылдарында 5 мыңға жуық тұрғын бар. Ауыл болғасын үйге бір-бір ден ит ұстайтыны да жасырын емес. Салдарынан олардың саны соңғы 3-4 жылда күрт көбейіп кетіпті. Оны реттеуге аудандық ветеринарлардың құзіреті жүрмейді. Иттер ауланғанның өзінд белгілі ветеринарлық шаралардан соң иесіне қайтарылады. Ал иесі жоқтарына ондай қызмет көрсетілмейді екен. Салдарынан тобымен шұбырған иттер ашыққасын ауылға шауып, басынып барады.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев