MynВala House жобасы басталды

Еліміздегі тұңғыш қазақ тілді TikTok house жобасы жұмысын бастады. Республиканың әр өңірінен дарынды жастарды іріктеп алған MynBala House жастарды сапалы контент түсіруге баулымақ. Бүгін ұйымдастырушылар жобаны алматылық журналистерге таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әндетіп отырған қыз-жігіттер MynBala House TikTok жобасының алғашқы қатысушылары. Барлығы да өңірдегі іріктеулерден жеңіп шыққандар. Енді 20 жас тазақ тілінде TikTok түсіріп, сапалы контент жасау үшін барын салады. Тілеужан Қайрат Павлодардағы іріктеуде үздік атаныпты. 

Тілеужан Қайрат, Mynbala House TikTok жобасының қатысушысы:

– Бір жылдай TikTok-пен айналысамын, TikTok-қа қызығушылығым өте жақсы. Себебі менің үйдегі анам, ағам TikTok түсіреді. Біз өзіміз сондай блогерлікке аяқ басқанбыз бір жыл бұрын. Сол үшін осы MynBala House-қа келіп, біраз тағы да қызықты контенттер түсірсем дегенмін ғой.

Әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаған контент көп. Алайда жастар тәрбиесіне пайдалы, қазақ тілін дәріптейтіндері өте аз дейді жоба ұйымдастырушылары. MynBala House-тың басты мақсаты осы жағдайды жақсарту. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру. 

Абай Сейфулла, Mynbala House TikTok Жобасының продюсері:

– Шығармашыл жастарды қолдап, олардың потенциалын өсіріп, өз мүмкіндітерін осы желілер арқылы көрсете білуге мүмкіндік жасау. Екіншіден, қазақтың дәстүрлерін, қазақтың тілін насихаттау, қазақ тіліндегі мазмұнды ағартушылық контенттердің ТикТок та көбірек болуына жағдай жасау.

Жоба қатысушылары әуелі танымал блогер, мобилографтардан сабақ алады. Содан кейін өзара ақылдасып қызықты видео түсіруді үйренеді. MynBala House-тың шығармашылық жұмысы кеше басталғанымен, бір күннің ішінде TikTok -тағы парақшасына 10 мың адам жазылған.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев