Шиелінің күрішшілері «Алтын күз 2022» мерекесінде құрмет төрінен көрінді

Сыр өңірінде биыл күріш бітік шықты. Оның ішінде агроөнімділікті екі есе арттырған Шиелі ауданының егіншілері облыс бойынша озат атанды. «Алтын күз-2022» молшылық мерекесінде ала жаздай атыз жағалаған шаруалар құрмет төрінен көрінді.

Ерте көктемде 30 мың гектар алқапқа дән сепкен шиелілік шаруалар жомарт жерді идіріп, қоңыр күзде 30 миллиард теңгенің өнімін жинап алды. Табыстың басым бөлігін бұрынғыдай күріштен емес бақша дақылдары мен көкөністен түсіп отыр.   

Нұржан Ахатов, Шиелі ауданының әкімі:

- Су тапшылығын ескере келе біз 10750 га жерге күріш дақылын орналастырдық. Өнім жаман емес, әр гектардан 55 центнер өнім алынды. 

Бауыржан Көпеев, диқан:

- Қиыншылықтар болды су тапшылығы деген сияқты үлкен мәселе. Бірақ сол қиыншылықты аудан әкімі, су шаруашылығы бірлесіп, қиыншылықтарды жеңе білдік. Соның нәтижесінде мол өнімге кенелдік.

Еңбектің наны тәтті. Бұл өміршең тәмсілді механизатор, комбайншы, агроном және сушылар терең түйсінген. Аптап ыстықта кетпен-күрегін арқалап, егіннің бабын келістірген үздік диқандарға көлік пен пәтер кілттері табыс етілді. 

Бағлан Дінисламов, механизатор:

- 300 гектардай жерді бастырдым. Соның арқасында осындай биіктікке жетіп жатырмын. Еңбек еленеді, жақсы шүкір. 

Ән мен жырдан шашу шашылған «Алтын күз» шарасы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен аламан бәйгеге ұласты. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин