Алматыда ерекше бейнесөздік таныстырылды

Бүгін Алматыда құлағы естімейтін оқушылардың қоғамға бейімделуін жеңілдететін бейнесөздік таныстырылды. Онда ымдау тіліндегі сөздер қазақша, орысша аудармасымен берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мұғалімдер мен ата-аналарға балаларды түсінуге көмекші құрал болмақ. Алдағы уақытта мұндай бейнесөздіктер қоғамдық орындарда да қолданылады. Бірегей жобаны Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары жасап шыққан. Бүгінде еліміз бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 44 мыңға жуық бала жалпы мектептерде оқып жүр. Бұл жақсы көрсеткіш. Алайда мүмкіндігі шектеулі балалардың өзге қатарластарымен бірге дамуына әлі де күш салу қажет. Ол үшін мамандар «Аутизмі бар балаларға арналған арнайы дамтыту» бағдарламасын жасап шықты. Бағдарлама баланың айналасымен қарым-қатынас жасауға, өзара әрекеттесуіне бағытталған.

Айта кетейік, 2021 жылы елімізде аутизм дерті 8 796 балада анықталған.

Зәуре Жангелдинова, жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі:

– Дамуында ауытқуы бар балалардың ақпаратты қабылдауы қиын. Осыған байланысты Джин Айрестің сенсорлық интеграция әдісін қолға алдық. Бұл балалардың оңалуына ықпал етеді және оларға сыртқы ортадан келетін барлық ақпаратты жақсырақ қабылдауға және қоғамға жеткілікті түрде бейімделуге мүмкіндік береді. Бұл озық әдістердің бірі.