Елімізде тұмаудың екі штамы анықталды

Эпидемиологиялық маусым басталғалы 765 мыңға жуық адам жіті-респираторлық вирустық инфекция жұқтырса, тағы 500-ден астамы тұмауға шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер өздігінен емделудің қаупін айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе балаларды вирустан қорғауға аса мән берген жөн.

Бала бірінші тұмау болды, жөтелді, мұрыны ақты. Сироп бердім, қоймады. Укол салдыру керек, больницаға жатасың деді.

Тұмауға шалдығып жатсақ, әдетте мен үйде емделуге тырысам. Педиатрда боламыз, ем алып, соны жасаймын. Жақсы жәрдем береді.

– Қойдың, жылқының сорпасын ішеміз. Аяғымызды жылы суға малып, тұзды сумен ол да қазақтың емі бар ғой. Тұмауға қарсы вакцина алғам, одан сайын ауырдым сол вакцинадан, білмейм.

Осылайша тұрғындары тұмаумен күресіп жатқан аймақтардың тізімін Қызылорда облысы бастап тұр. Одан кейін Жетісу, Ақтөбе өңірлерінде науқас саны артып келеді. Мәселен, соңғысында қазан айының басынан бері екі мыңға жуық адам тұмауға шалдыққан. 150-ден астам науқас емделіп жатыр, оның жартысынан көбі балалар мен жүкті әйелдер. Дәрігерлер аймақта емдеу-профилактикалық жұмыстарын күшейтті.

Бақытжан Түлкібаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар бөлімінде біз керует санын ұлғайттық. Керует саны – 90 балаларға және 45 ересектерге. Былтыр осы кезде 1400 науқас болды. Қазір 1800.

Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Тұмау маусымы басталғалы 5 мыңға тарта адам вирустық инфекция жұқтырды. Дәрігерлер бұл тек ресми тіркелген дерек дейді. Әзірге өңірде карантинге жабылған нысан жоқ.

Айнаш Сағындықова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

– 2022 жылдың он төртінші қазанынан бастап тұмау тіркеле бастады, облысымызда. «В» типтік тұмаудың зертханалық расталған 19 жағдайы тіркелді. Қазіргі таңда тұмауды алдын алудың тиімді әдістерінің бірі ол – вакциналау болып табылады. Бүгінгі таңда облысымызда 47 639 адам егілді. Оның 9186-ы оқушы.

Статистикалық мәліметке сай вирустың таралу қаупі жоғары кезеңде елде әрбір 10-шы ересек адам мен әрбір 3-бала ауруға шалдығады. Бүгінде науқастардың 80 проценті – бүлдіршіндер мен жастар.

Динагүл Баешева, «Астана медицина университеті» АҚ кафедра меңгерушісі:

– Мынадай симптомдар болса, міндетті түрде көңіл бөліңіз. Мысалы, баланың дене қызуы көтеріліп, түспесе. Бала қайта-қайта құса берсе, тамақ ішпесе. Дене қызуы бар күнің өзінде аяқ-қолы суыған баланың клиникалық көрінісі қауіпті болады.

Сондықтан қазір елде эпидемияға қарсы шаралар қызған. Қол қусырып отыратын кез емес.

Роза Қожапова, ҚР ДСМ жұқпалы ауруларды қадағалау басқармасының басшысы:

– Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларын мониторингілеу жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүргізіледі. Тұмаудан басқа вирустар да таралуда. Тұмаудан басқа инфекцияларға 1202 сынама зерттелді, оның ішінде 254 сынамада оң нәтиже анықталды. Оның ішінде риновирус 93, РС вирус 77, парагрипп 31, коронавирус 20, аденовирус 17, бокавирус – 10, метапневмовирус – 6".

Ал дәрігерлер тұмаудан қорғанудың қарапайым жолдарын қаперде ұстауды тағы бір мәрте еске салды.

Меруерт Башарова, инфекционист:

Біріншіден, жеке бастың гигиенасын сақтау керек. Қолды жуып жүру керек әрдайым. Дұрыс тамақтану керек, яғни, құрамында дәрумендері бар тамақ өнімдерін қолданып, көп сұйықтық ішу керек. Таза ауада көп серуендеу керек. Адамдар көп орналасқан жерлерден қашық жүру керек. Бөлмелерді жиі желдетіп тұру керек. Осы іс-шараларды жүкті әйелдер мен балалар қатаң түрде сақтағаны дұрыс болады.

Аурудан қорғанудың тағы бір жолы – вакцина екенін айттық. Алайда оған күмәнмен қарайтындардың қарасы азаймай тұр. Қазірде 2 млн-ға жуық адам екпе салып үлгерді.

Авторлары: Рухани Асқар, Руслан Әлиев, Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Қайырденұлы