Шымкентте 13 жастағы бала автоэлектрик мамандығын шебер игерген

13-те отау иесі дей ме қазақ. Шымкентте дәл осы 13 жасында мыңның бірі біле бермейтін автоэлектрик мамандығын игерген бала бар.

Іскер жас қазір көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр.

Самандар Гайратов кез келген көліктің ақауын дәл анықтап, сапалы жөндеп береді. Оның қызметіне жүгінушілер кезекке тұрады екен.

Самандар Гайратовты сабақтан кейін шеберханасынан табасың. Өйткені машинаның электр жүйесін жазбай танитын ол, бос уақытында автокөліктің ақауын жөндеумен айналысады. Жарық шамдарын ауыстырып, музыкалық құрылғыға жауапты сымдарды сапалы жүргізіп береді. Қозғалтқыштың электрлі құрылғыларын да ешкімнің көмегінсіз шашау шығармай жөндей алады.

- Мынау стартер. Машинаны оталдырып, моторды айналдыру үшін. Ал мынау генератор. Машинаға заряд береді. Аккумуляторы отырып қалмас үшін. Мынау релелер. 

Самандар «адал істің арқасында жұрттың алғысын алуға болатынын түсіндім» дейді. Сондықтан білдім, толдым деуден аулақ. Әлі де әкесін айналшықтап, жүйелі жұмыстың қыр-сырын ұғынуға ынтық. 

Самандар Гайратов, автокөлік жөндеу шебері:

- Машинаның электричествосы адамның қан тамыры сияқты. Бір тоқ үзілетін болса, машина оталмай қалуы мүмкін. Жүрмей қалуы мүмкін. Өзім бос кезімде әкеме көмектесемін. Солай үйреніп кеттім. Қазір кез келген машинаны жөндей беремін. Мақсат, арманым осы автоэлектричество. Жүздеген адамға көмектесесің, рахметін айтып кетеді.

Автоэлектрик Юнусовтардың әулетінде атадан балаға жалғасып келе жатқан отбасылық кәсіп. Самандардың атасы да, әкесі де осы істің шебері. Олар баланың еңбекке ептілігі мен іскерлік қасиеті алты жасында байқалғанын айтады. 

Данияр Юнусов, әкесі:

- Бала бірнәрсеге қызыққаннан кейін көкірегінен итеруге болмайды. Біреуі әнші болады, біреуі военныйға қызығады. Бұл бала енді осы біздің кәсіпке қызықты. Оның сүйікті ісі осы. Гараждан шығарып жіберсең де қайтып келіп тұрады. Басқа балаларым қызықпайды. Біреуі спортқа, енді бірі әлі жас. Осы Самандар ғана менің жұмысыма, менің кәсібіме қызығады.

13 жасар Самандардың тыңғылықты ісіне көпшілік тәнті болды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін оны қолдаушылар да көбейді. Әкесіне қолғабыс болған ұлды үлгі етіп, жоғары бағасын беріп жатыр.

- Марапат. Осындай бала тәрбиелегеніңіз үшін! Ал енді мынау біздің жас электрик баламызға сыйлық. Саған кәсіби инструменттерді табыс етеміз! 

Самандар мектептің 7-сыныбында оқиды. Сабақ үлгірімі де жақсы. Келешекте осы істің қыр-сырын жетік меңгеріп, өз кәсібінің хас шебері атанғысы келеді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы