Түркістанды дамытудың екінші кезеңі басталды

Түркістан қаласының жаңғырып, жаңарғанын көрдік.

Қасиетті мекен сәулетіне сәулет қосты. Құрылысы енді мұнымен тоқтап қалмайды.

Шаһарды дамытудың 2-кезеңі басталды. Бұл жұмыстар кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін жүзеге асырылады. Ол қандай жұмыстар? Екінші кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қандай жобалар іске асырылмақ?

Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүргізіліп жатыр. Алғашқысы әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынбақ. Екінші аумақ әкімшілік-іскерлік орталығы. Мұнда 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазір «Мұз сарайының» құрылысы жүріп жатыр. Ат спорты кешені, денсаулық сақтау нысандары және 46 мың пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынады. Бұдан бөлек, бірнеше заманауи білім ұясы бой түзейді.

Нұрбол Тұрашбеков, қала әкімі:

- Бұл енді бізге мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» аясында 2023 жылдан бастап, 9 мектептің құрылысын жүргіземіз.Осылардың барлығы тікелей мемлекет басшысының бізге беріп отырған тапсырмасы. Осындағы халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында.

Үшінші аумақ Бекзат Саттарханов даңғылының бойы. Шаһарға Шымкент бағытынан кіретін негізгі көше болғандықтан мұнда да бірқатар жоба жүзеге асады. Әсіресе, абаттандыруға ерекше көңіл бөлінбек. 4 жыл бұрын қалада 54 гектар саябақ, аллеялар болса, қазір524 гектарға жетті. Оның ішінде 256 гектарыгазондар. 700 мың түп ағаш егілген. 

Көркемжан Эшметов, "Жасыл Түркістан" КММ директоры:

- 30 парк, 29 жасыл алаңшалар, жалпы саны 248 нысан. Былтыр 300 гектар көгал аумағы болса, биыл 524 гектарға жетті. Жан басына шаққанда әр адамға 200 шаршы метрден келіп тұр. Бұл парктердің саны бойынша Еуропалық деңгейге жетіп отыр. Күзде 130 мың ағаш көшетін егеміз, ал көктемде 200 мың қосымша көшет отырғызамыз. Газондарды көбейтіп, оған қызмет көрсететін мекемелердің сапасын арттыру жоспарланып отыр.

Ал төртіншісі «Мәдени-рухани орталық» аумағы. Онда Күлтөбе қалашығының тарихи нысандары қалпына келтіріледі. «Аманат» коттеджі қалашығы мен «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынады. Жалпы Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңіне 1,3 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның 1 трлн-ы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асады. Ең бастысы, Түркістан мәдениет, спорт, медицина, білім мен ғылым және туризморталығына айналады. Биылғы жылдың 9 айда қалаға 1 млн 300 мың зияратшы мен турист келген.

Нұрбол Тұрашбеков, қала әкімі:

- Оның ішінде басым бөлігі ішкі туризм дамуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды да жандандыратын боламыз. Одан бөлек біздің әуежай жақта Шаға, Ескек есу каналымыз бар. Оны да пайдалануға беретін боламыз. Оның барлығы спорт, туризм саласына оң әсерін береді.

Мемлекет басшысы Түркістанға жасаған сапарында қаланы одан әрі дамытуды, әсіресе, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды тапсырды. Қазір шаһардағы 875 көшенің 37% қанағаттанарлық жағдайда. Қала әкімі 2024 жылға дейін 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Одан кейін қалада қоғамдық көлікті жаңарту мәселесі де өзекті. Жалпы тасымалға 220 автобус қажет болса, биыл соның 78-і жаңартылған. Ал келер жылдың соңына дейін 90%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш