Жамбыл облысында ірімшік бағасы қымбаттап кетті

Жамбыл облысында жыл басынан бері екі мың тоннаға жуық қатты ірімшік өндірілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырға қарағанда 20% аз. Сүт өңдеу зауыттары: «Бұл шикізаттың тапшылығынан әрі сүт бағасының қымбаттауынан болып отыр», – дейді. Салдарынан дайын өнім бағасы да шарықтаған.

Жамбыл облысындағы ірімшік шығаратын ірі зауыттың бірі Жуалы ауданында орналасқан. Мұнда сүт өнімдерінің 20 түрін өндіреді. Оның тоғызы қатты ірімшік. Кәсіпорын басшылығы бір ай бұрын ғана дайын өнім бағасын өсірген. Себебі шикізат бағасы қымбат. Былтыр 1 литр сүтті 160 теңгеден қабылдаса, биыл 240 теңгеге өскен.

Сыбанбай Арынов, кәсіпорын директоры:

- Біз үшін қымбат. Одан кейін енді дайын өнімнің бағасын көтеруіміз керек. Оған енді бізге әр облыспен дистребютерлік келісімшартымыз бар. Ол шартта біз жарты жылда бір-ақ рет көтере аламыз. Сол үшін кей кезде біз шығынға батып та жұмыс істейміз. Салығын төлеуіміз керек. Жұмыскерлердің айлығын уақытылы төлеу үшін енді бізге де көтеруге тура келеді.

Кәсіпорын басшылығы сүт тапшылығы болып жатқанын айтуда. Сол себепті зауыт 45% қуаттылықта жұмыс істеп тұр. Ал шикізаттың азаюын сүт тасушылары былай деп түсіндірді.

Рәсілбек Қыстаубаев, сүт тасушы:

- Былтыр қуаңшылық болды. Жауын жаумады, егін де өспей қалды деп бір түк шөптің бағасы 2000 теңгеге жетті. Қыстыгүні шөп одан да қымбаттап кетеді деп содан сиырдың басы азайды. Сиыр азайғаннан кейін сүт те азаяды.

Сүт бағасының көтерілуі өнімнің қымбаттауына әкеліп отыр. Бүгінде сауда орындарында 1 келі ірімшік бағасы 4-5 мың теңгеге жеткен.

 Жамбыл облысында сүтті қайта өңдейтін 24 цех бар. Олар 9 айда 1870 тонна қатты ірімшік өндірген. Ауыл шарушылық басқармасы: «Ірімшік бағасыны әсер ете алмаймыз», – дейді. Себебі ол әлеуметтік тауарлар тізіміне кірмейді.