Алматыдағы хайуанаттар бағының қызметкері маймылдардың «анасы» атанған

Алматыдағы хайуанаттар бағының қызметкері Шолпан Әбдібекованы әріптестері маймылдардың «анасы» атап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған негіз де жоқ емес. 27 жылдан бері табан аудармай, зообақта қызмет етіп жүрген Шолпанға маймылдар да әбден бауыр басып алған. Көрмесе, іздеп тұрады екен.

Зообаққа келген қарапайым алматылықтарға маймылдардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Олар көп аңның бірі ғана. Ал Шолпан Әбдібекова үшін ұзын құйрықты тіршілік иесінің әрқайсысының өз аты, ерекшелігі бар. Әсіресе Паша есімді шимпанзенің орны бөлек. Маймылдың адам тәріздес түріне жататын оны Қазан қаласынан өзі барып алып келген. «Алғашқы кездесуде-ақ маған қолын созғанда жүрегім жібіп қоя берді», – дейді Шолпан Әбдібекова.

Шолпан Әбдібекова, Хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі:

- 2016 жылы Қазан зообағына Пашаны көруге осы Томириске сай келе ме деп барған болатынмын. Танысуға барған кезде ол вольердің екі ортасынан қолын шығарып, мені құшақтап, сүйе бастады. Ал оған маған дейін қызмет жасап жатқандар жылады. Мынау бізді 5 минутта сатып кетті деп. Мен айттым, ол сатып кеткен жоқ, ол болашақтағы оның мамасы кім болатынын біліп, сондықтан маған солай қошемет көрсетіп жатыр деп көңілдерін аулағандай болдым.  

Томирис деген аналық шимпанзені Шолпан үш айлығынан бастап үйіне алып кетіп, бағып, қатарға қосыпты. «Өз балам тұмауратып қалғанда маймылға жұқпасын деп баламды басқа үйге жібергенім бар», – деп күліп еске алды ол. Маймылдар да Шолпанға бауыр басып алған. Көрген бетте, қуанып, ойнағысы келіп тұрады. «Аң болса да олардың да өз заңдылығы, жақсы қасиеттері бар», – дейді маймылдардың бағушысы.

Шолпан Әбдібекова, Хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі:

- Мысалы, бізде жапон макагі отыр. Олар отбасы болып отыр. Бірінші берілген тағамдардың бәрін қожайын жейді. Ол кезде балалар тырп етпей отырады. Анасы оларды жібермейді. Жеп болғаннан кейін барып, жейді.  

Қанша жерден адамға жақын дегенмен, маймылдың да мінез көрсететін кездері болады екен. «Көңіл бөлмей қалсаң, қарсы шығады», – дейді Шолпан. Айта кетейік, қазір Алматы хайуанаттар бағында қазір маймылдың 7 түрінен 39 бас бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон