Қоғамдық көлікті дамытуды қолға алу қажет – сарапшылар

«Алматыда көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін заңнамалық базаны жетілдіру қажет», – дейді сарапшылар.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қараша күні Алматыға сапарында қаладағы көлік мәселесіне және жол қауіпсіздігіне баса назар аударған еді. Атап айтқанда, жеке автомобильдерді пайдалануды азайтуды ынталандыра отырып, қоғамдық көліктердің тартымдылығын арттыруға шақырған. Президент тапсырмасынан кейін мамандар жергілікті билік өкілдеріне өз ұсыныстарын жеткізуде.

Алып шаһар Алматыда жол-көлік оқиғасы жиі болып жатады. Оның себебі көп.  Ал қазіргі көлік заңнамасы сол себептермен емес, салдарымен ғана күреседі.  «Сондықтан  мықты заңнамалық база болмайынша, жол қауіпсіздігін ретке келтіре алмаймыз», – дейді сарапшылар.

Әрсен Шақуов, «Ортақ жол» қауымдастығының президенті

- Бүгінгі таңда Қазақстанда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бөлімшенің уәкілетті органы жоқ екенін атап өткім келеді. Бұрын ол Ішкі істер министрлігінің қатарында болған. Кейін Ішкі істер министрлігінде реформалар жүріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік апатынан болатын жарақаттардың алдын алу бөлімі жабылып қалды. Бүгінде шын мәнінде жол қауіпсіздігі мәселесімен ешкім айналыспайды.

Жол ережесін қоғамдық көліктерде жиі бұзып жатады. Алайда жұмыс беруші  оларды бірден жұмыстан шығарып жібере алмайды. Өйткені жүргізуші тапшы. Троллейбус тізгіндегісі келетіндер 27 жасқа дейін арнайы жүргізуші категориясын ала алмайды. Сондықтан бұл мамандыққа жастар қызықпайды. Осы мәселені де заңдық тұрғыда қайта қарап оң шешімін табу керек, –дейді мамандар. 

Роман Барабанов, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының сарапшысы:

- Қала тұрғындары жеке көліктен бас тарту үшін біз қоғамдық көліктердің санын ғана емес, сапасын да арттыруға тиіспіз. Бізде қазір метро ғана бар. Оның өзі де әлі толық аяқталмаған. BRT жолағы Тимириязев көшесі мен Орбита шағын ауданын ғана байланыстырады. Ал басқа көшелердегі автобус жолақтарына жеке  көліктер түсіп, жол ережесін жиі бұзады. Сондықтан осының бәрін ретке келтіріп жылдам жүретін трамвай және троллейбус пен автобус жолақтарын көбейту керек.

Әлемнің дамыған қалаларында жергілікті тұрғындар қоғамдық көлікке мінуге асығады. Өйткені барлық жағдай жасалған. Өкінішке орай біздің қоғамдық көліктеріміз әзірге қолайсыздықпен алаңдаушылық қана тудырып отырғаны рас. Сондықтан сарапшылар заңнамалық базаны жетілдіріп, қоғамдық көліктің дамуын бірлесіп қолға алу қажет деп есептейді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов