Астана көшелерінің біріне Жалау Мыңбайұлының аты беріледі

Астана көшелерінің біріне Жалау Мыңбайұлының аты беріледіКелер жылы елорда көшелерінің біріне көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұылының аты беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Алаш қозғалысына қызмет еткен ерен тұлғаның 130 жылдығына орай ұйымдастрылған халықаралық конференцияда мәлім болды. Жиналған қауым Жалау Мыңбайұлының өмір жолы, еңбектері мен халықтың мүддесін қорғауға бағытталған батыл қадамдары жайында сөз қозғады.

Жалау Мыңбайұлы 1892 жылы бұрынғы Абай уезінде дүниеге келген. Қызмет жолын 1917-де бастаған ол ел шекарасының аумағын белгілеу, елтаңбасын бейнелеу, астананы көшіру сынды саяси шешімдер қабылдауға атсалысты. Алайда қиын-қыстау тұста ел басқарған азаматтың тұлғасы зерттеушілер назарынан көп уақыт тыс қалып келген.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалау Мыңбайұлы сияқты азаматтарымыздың Алаш жолындағы істеген қызметі ешқашан ұмтылмас. Және де біз оны дұрыстап насихаттауға кірісуіміз керек.

Халықаралық конференция қатысушыларының назарына ақын Сабыр Адайдың поэмалар жинағы ұсынылды. Бұл кітапта ол Жалау Мыңбайұлының елі мен ерін сүйе білген асыл қасиетін өлеңге арқау етіп, қазақ жұртының қиын жылдарда бастан кешкен өмірі туралы ой қозғайды. Сондай-ақ жақын арада Астанадағы көшелердің біріне ерен тұлғаның аты берілетіні туралы мәлім болды.

Серікбай Тұрымов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жалау Мыңбайұлының атына елорда төрінен көше беру жөнінде қазір құжаттар рәсімделіп жатыр. Астана қаласының әкімдігі мәдениет және спорт министрлігі алдын ала келісімі бар.

1926 жылы Жалау Мыңбаев ұлтшыл деп айыпталған. Оның үстінен қылмыстық іс те қозғалды. Кейін ол Гурьев округын атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Осы қызметте Мыңбайұлы мұнайлы өлкеде ауыр өнеркәсіпті дамытуға бар күшін салды. Жергілікті халықтың мүлкін тәркілеп, оларды жер аударуға барынша қарсылық танытты.

Авторлары: Дариға Ташенов, Ерлан Наурызбаев, Досхан Қораз