Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын талдап талқылау жалғасады

Бұл күрделі мәселе депутаттардың ұдайы назарында болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламент Мәжілісінің биылғы жұмысын қортындылау кезінде Палата Спикері Ерлан Қошанов осылай деді. Ол жаңа жылдың басындағы алғашқы жиындардың бірінде Қаңтар оқиғасына қатысты арнайы отырыс өтетінін айтты. Жалпы биыл мәжіліс депутаттары 154 заң жобасын қарады. 93-і Сенатқа жолданды. Оның ішінде 75 заң  жобасына Мемлекет басшысы қол қойды. Сондай-ақ, Ерлан Қошанов тарихи маңызы бар конституциялық түзетулер, әлеуметтік маңызы зор бірқатар заң жобасы қабылданғанын атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз осы жылдың ішінде барлық өңірлерде, ауыл аймақтарда болдық. Жұртшылықтың мұң-мұқтажын бөлісіп, ашық қоянқолтық бірге жұмыс істедік. Осы үрдіс алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасуы керек деп ойлаймын. Құрметті депутаттар, келер жылы біздің алдымызда бұдан да маңызды міндеттер тұр. Парламент мәжілісі өз жұмысын жаңа конституциялық жағдайда бастайын деп отыр. Мәжіліс заңдарды дербес қабылдайтын болады. 2023 жылы мәж сайлауы өтеді. Ашық бәсекелестік күресте азаматтардың қолдауына ие болуымыз қажет.