Ақтөбеде көктайғақтан жарақат алғандар көп
Ақтөбе облыстық көпсалалы аурухананың травмотология бөлімінде бос орын жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жыл басынан бері күн райы жылып, жауын-шашынның салдарынан елді-мекендердің барлығы мұз айдынына айналған. Тайып жығылып, жарақат алғандар саны күрт өсіп отыр. Мәселен, аурухананың қабылдау бөліміне 5 қаңтар күні 85 адам келсе, оның 48-і аяқ-қолын сындырған. Кешелі бері де бұл жағдай өзгеріссіз. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген 73 жанның 34-і мұзға тайып, жарақат алыпты. Соңғы 2 тәулікте 20-ға жуығы ауруханаға жатқызылды.
Абзал Қадырбаев, көпсалалы облыстық ауруханасының ортопед-травматологы:
- Травмотология бөлімінде орын шектеулі ғой. Басқа бөлімдерден де бөлмелер алып, солай сыйдырып жатырмыз. Көбіне-көп алатын жарақаттар – білек сүйектерінің сынуы, тобықтың сынуы және жабық бас-ми жарақаты. Сондай диагноздармен, сондай шағымдармен көп науқас келеді.