Елімізде құжатсыз жүргендер саны азаяр емес

2020 жылдан бері ел бойынша қиындыққа тап болған 17 мың азаматқа жаңа құжат берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, бұл істе заңгерлер мен оңалтау орталықтарының көмегі орасан зор. Себебі адамдар көбіне құжатын не жоғалтып алады, не қолды болды. Салдарынан құқықтары тапталып, иындық көріп жүргендері қаншама? Құжатсыз өмір, өмір ме?! Тілшіміз Наргиз Бекмағанбетова тарқатсын.

Анастасия Богданова 24 жыл бойы төлқұжатсыз өмір сүріп келеді. Осыдан 18 жыл бұрын анасымен бірге Ресейден көшіп келген. Анасы құжаттарын жоғалтып алған. Енді құжатсыз кейіпкеріміз көрген теперішін айтады.

Анастасия Богданова, қала тұрғыны:

 - Туу туралы куәлігім болды. Оны анам мен өгей әкем ішімдікке салынғанда жоғалтты. Мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсу арманым еді. Төлқұжат болмаған соң мені қабылдамады. Жұмысқа тұрайын десем, онда да жеке басты растайтын кәлікті сұрайды. Нәпақамды тауып, 3 бауырымды асырау үшін қара жұмысшы болдым. Келісімшартсыз жұмыс істедім. Одан балам дүниеге келді. Оның да құжаты жоқ. Жақында өлім мен өмір арасында болды. Дәрігерді шақыртып, ем алайын десек, құжатсыз қабылдамайтынын айтады.

Анастасия Богданованың айтуынша, төлқұжатсыз өмір – өмір емес. Ол жуырда аспаз болып, айына 50 мың теңге табамын деп қала шетіндегі ауылға барады. Алайда мал бағып, қара жұмыс істеген. Құрғақ уәдеге сенген жанға еңбекақы да төленбеген. Барар жер, басар тауы болмаған соң, амалсыз бес ай заңсыз еңбекке көнген.

Анастасия Богданова, қала тұрғыны:

 - Құжатсыз өмір сүру қиын. Бауырларым да 8 жасқа дейін әріп танымай, мектепте білім ала алмады. Бір күні анамның күнделікті ішуінен шаршап, полиция шақырдым. Бауырларымды мынадай өмірден сақтау үшін балалар үйіне жібердім. Осы күнге дейін кездескен түрлі сынаққа бас имей келемін. Енді, міне, оңалту орталығында баламмен бірге тұрып жатырмын. Құжатымды алсам, менен асқан бақытты жан болмас еді.

Оңалту орталығына шарасыз күйге түскен азаматтар көмек сұрап барады. Мамандардың айтуынша, 100 адамның 10%-і құжат мәселесімен жүгінеді.

Гүлжан Кисикова, «Қорғау Астана» қорының әлеуметтік қызметкері:

 - Біз жаққа тек Қазақстанның азаматы емес, басқа шет мемлекеттен келіп жатқан азаматтар да келеді ғой. Олардың құжаттарына жүгіну үшін елшіліктерге бірге барамыз. Настяның жағдайы кішкене қиын болып жатыр. Ақырын-ақырын шешіп жатырмыз.

Соңғы кездері оңалту орталығына отызға жақындап қалған жастар да жиі баратын болыпты. Көбінің төлқұжаты жоқ. Араларында еңбек құлдығының құрбандары да кездеседі екен.

Анна Рыль, «Қорғау Астана» қорының төрағасы:

 - Осыдан бірер жыл бұрын тек қызыл төлқұжатпен жүрген адамдар келетін. Қазір жастар да бар. Мұндай қиын жағдайға түсетіндер балалар үйінен шыққан жандар. Күнде жантүршігерлік оқиғаларды естиміз. Мәселен, кеше ғана 2 жыл бұрын үңгірде өмір сүріп жатқан азаматтарға жәрдем бердік. Міне қазір олардың құжаттарын жасауға кірістік.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

 - Қараңғы өмір, қараңғы күндер... Құжатыңыз болмаса, білім алуға, заңды жұмыс істеуге және медициналық көмекке құқығыңыз жоқ. Құжатсыз өмір, өмір ме?! Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар куәлік жасату үшін қайда баруы керек? Не істеу қажет? Кім жауапты?

Махаббат Қасенова, заңгер:

 - Әуелі құқық қорғау органына, яғни көші-қон қызметіне бару қажет. Егер шетел азаматы болса, елшілікке барып, ресми сұраныс жіберу керек. Әдетте анасының төлқұжаты болмаса, балаға да құжат берілмейді. Егер анасы қайтыс болса, онда құжатты жасату қиын. Оңалту орталығынан немесе заңгерден көмек сұраған жөн. Бұл ұзақ процесс.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері ел бойынша қиындыққа тап болған 17 мың азаматқа жаңа құжат берілген. Мамандардың айтуынша, бұл істе заңгерлер мен оңалтау орталықтарының көмегі орасан зор.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ырыстанбек Оспанов, Арман Ақшабаев.