Алматы облысында жол қауіпсіздігі қадағаланады

Алматы облысында жол апаты  жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр облыстың күре жолдарында 1 700 көліктің соқтығысу жағдайы тіркелді. Соның салдарынан 300 ден астам адамның өмірі қиылды. Жағдайды реттеп, қозғалысты қатаң бақылау мақсатында облыстық прокуратура мен Полиция департаменті «Қауіпсіз жол» жобасын бастады.

Алматы облысында  «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Шелек-Қорғас» республикалық автомагисталі бар. Тақтайдан төселген жолдармен көлік жүргізушілері құйындай жүйіткиді. Кейбір тұстарында сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Алайда жүргізушілер арасында ережені ескермей, жылдамдықты шамадан асырып жіберетін жағдайлар жиі кездеседі. 

Аблимит Аллабердиев, көлік жүргізуші:

-Жолда абай болу керек. Әсіресе көктайғақта. Жылдамдық режимін ешкім сақтамайды. Жүргізушілерде тәжрибе аз. Көліктің техникалық жағдайы да маңызды.Құлжа тас жолында авария көп болады,

Шамалған теміржол бекеті де қауіпті аймақ. Теміржол өткелінен күнделікті 6 мыңға жуық көлік өтеді. Кешкі уақыттағы кептеліс бірнеше шақырымға созылады. Мұндайда діттеген жеріне асыққан жүргізушілер тәртіпке бағына бермейді.

Нұрлан Ешмұхамбетов, теміржолшы:

- Машина поезд келе жатқан кезде қаптап тұрып алады. Кей-кезде ана жақпен қарсы бетке шығып кетеді. Сол кезде тіпті жол үстіне шығып алады. Мына жерге кешкісін ГАИ қызметкерлері керек. Сағат 4-5 кезінде. Елдің бәрі жұмыстан қайтады, үйіне асығып келе жатады.

 «Қауіпсіз жол» жобасы бойынша әр ауданда полиция, прокуратура, әкімдік өкілдері мен қоғам белсенділерінен мобильді топтар құрылды. Олар жол-көлік апаты жиі болатын жерлерді анықтап, қосымша жол белгілерін орнату, тәртіпті күшейту жұмысымен айналысады.

Нұржан Өстеміров, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Полиция қызметкерлері жолдар мен көше желісіне 1 270 тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша ұйғарым шығарылды. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамағаны үшін 164 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережені өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау үшін бейнебақылау камераларын орнату маңызды. Көлік ағыны аса жоғары 17 облыстық маңызы бар жолдарға «SPEED R» бағдарлама кешені орнатылған. Бұдан бөлек, «Сергек» жылдамдықты анықтау кешендері де жұмыс істеп тұр.

Алмас Садуақас, тілші:

- Өткен жылы бір ғана «Алматы-Өскемен» автожолының 16-124 шақырым аралығында жетпіске жуық жол көлік апаты тіркеліп, 24 адам мерт болды. Апаттың алдын алу үшін өңірдегі тас жолдарға қосымша 120 бақылау, анықтау ақпараттық кешендері орнатылады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.