АҚШ-та қазақ тілін үйрену курстары ашылды

АҚШ астанасы Вашингтон және Вирджиния мен Мэриленд штатында тұратын қазақстандықтар үшін ана тілін үйрету курсы ашылды.

Қазақ тілі сабағы аптасына бір рет балалар мен ересектерге өтеді. Қазақ-Американ қауымдастығы көптен бері жоспарлап жүрген жобасын жаңа жылдан жүзеге асыра бастады.

АҚШ-та бірнеше жылдан бері тұратын Жанар балалардың ағылшын ортаға тез бейімделіп, ана тілін ұмыта бастағанын көріп жүр. «Ана бақыты» кітабының авторы ұрпағының ана тілін білмей, дүдәмал болып есейуінен қорқады. Бұл - мұхиттың ар жағына түрлі себеппен қоныс аударған қазақтардың көбінде бар қорқыныш. Балабақша, мектеп, құрбы-құрдасы ағылшынша, ата-анасы орысша сөйлетін балалар түп тамырынан тез алыстап жатыр.  

Жанар Көбекбай, қазақ тілін үйретуші ерікті:

- Балада жәймендеп тілі жоғала бастайды. Бала тек қазақша түсінетін жағдайда қалған. Енді шығарайын десе барлығы мидың ішінде қазақша, орысша, ағылшынша араласып кеткен. Соның барлығын көре жүре қатты жүрегіме бататын. Егер тілді құртып алсақ ол қасірет.

Сол үшін Қазақ-Американ қауымдастығының ұйымдастыруымен қазақ тілі курсы ашылды. Жанар балаларды қызықтыру үшін сабақты үш бағытта беріп жатқанын айтады. Сөйлеу дағды, грамматика және ел тану деп өткізеді. Оқу-әдістемелік құралды да балалардың деңгейіне қарай өзі құрастырған. Өйткені қазақша үйрететін кітаптардың мазмұны мен тапсырмасы тым қиын деп отыр.

Жанар Көбекбай, қазақ тілін үйретуші ерікті:

- Қазақ тілін орыс тілділерге үйретумен шектелген. Қазақ тілін ағышын тілі немесе өзге де шет тілін білетін адамдарға арналмаған. Ал бұл қазақ тілін ұмытып бара жатқан балалар тек Америкада емес, ол әлем бойынша шет елдерде тұратын қазақтардың басындағы жағдай деп ойлаймын.

Розлана Алтынбекова, ата-ана:

- Ана тілімізді сақтау өте қиынға түсе бастады. Осы қазақ курсы ашылғанда біз, бірден келдік, қатты қуандық. 

Әзірге балалар қазақша әріптерді дыбыстап, қарапайым сөздерді меңгеріп жатыр. Мұғалім Наурыз мерекесіне қарай бір-бір өлең жаттатуды мақсат етіп отыр. Курс аптасына бір рет өтеді.

- Біз бүгін үйрендік, бас, оң қол, сол қол, оң аяқ, сол аяқ, құлақ.

Балалармен қатар АҚШ-та 20 жылдан бері тұратын ересектер де ұмытыла бастаған ана тілін үйренуіне болады. Көбі Қазақстандағы туыс-туғаннан ұялған болуы керек, түсірілім болатын күні сабаққа келмеді.