Өскеменде жолдары кеңейтіледі

Өскеменде көлік көбейген сайын жол тарылып барады. Кешкілік кептеліс болады. Қаланың автожол желісін жаңартуға 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Енді жаңа ықшам аудандармен арада айналма жол салынып, көпір астымен өтетін жол төселеді. Осылайша орталық көшелердегі көлік ағымын азайту көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өскеменнің маңында  жаңадан бой көтерген ықшам аудан көп. Сол аудандармен екі арада жүретін көлік легі де артқан. Сондықтан мамандар жіңішке 2 жолақты жолдан құтылу үшін кеңейтіп, 4 жолақтыға айналдырмақ. Бірақ бұл да кептеліс мәселесін түбегейлі шешпейді. Демек логистиканы одан әрі оңтайландыру  керек.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Осыған дейін қалада бағдаршамнан оңға кетуге мүмкіндік беретін 45 қосымша бұрылыс салынды. Соның арқасында  көшелер тоғысында кедергілер азайды. Сонымен қатар осы сияқты көпір астынан салынған 2 жол да тиімділігін көрсетті. Сондықтан жобалаушы мамандар көлік қозғалысын реттеу үшін осы соңғы әдісті әлі де қолдану керек деп санайды.

Яғни, болашақта қала орталығындағы айналма қасындағы көпір астынан тағы бір жол төселмек. Бұл осы участоктегі транспорт ағынын бірден азайтады.

Сергей Коваленко, ШҚО ПД жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы:

- Дәл осы Бәйтерек айналмасымен сағатына 4,5 мың бірлік көлік өтеді екен. Ал мына жақтағы Славский жағалауы және Пермитин көшесінен сағатына мың көлік өтеді. Ендеше көпір астымен жол салынса, мұндағы көлік ағыны 20-25%-ке азаятын болады.

Жобалаушылар негізінен қалада тағы бір көпір салынса жақсы болар еді дейді. Алайда бұл қомақты қаражатты қажет етеді. Ендеше әзірге жол айырықтарын салудан тиімді әдіс жоқ.

Ержан Ибраев, Өскемен қаласы ТҮКШ бөліміінің сектор меңгерушісі:

- Славский жағалауы мен Протозанов көшелеріндегі жол айырығын салу биылға жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжат рәсімделіп жатыр. Жағалаудағы жол 4 жолақты болып кеңейеді.

Сөйтіп, қала жолдарындағы осындай өзгерістерге жалпы 755 млн теңге жұмсалмақ. Шаһарда қазір көлік санының 100 мыңнан асып кеткенін, ал тар көшелердің әлі де көп екенін ескерсек, бұл керек жоба, - дейді сарапшылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.