Павлодар облысында киік саны көбейе бастады

Бұрын екі ауданның аумағын мекендесе, қазір көршілес аудандардан да жиі көруге болады.

Күзет күшейтілгелі, браконьер де азайған. Қызыл кітапқа енген жануарды қорғау мақсатында өңірде арнайы рейд ұйымдастырылды.

Киіктер Баянауыл және Май ауданында көп кездеседі. Соңғы жылдары Алқамерген мен Қарадырсорды да мекендейтін болған. Бұр жердің шөбі шүйгін. Қыста қар аз түседі. 2016 жылдан бері киіктерді  қорғау тірек пункті құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Нұржан Маханов, тірек пунктінің  жетекшісі:

- Бізде 12 адам жұмыс істейді. Екі ауысымда, 15 күннен ақбөкендерді  күзетеміз. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай бар. Жол талғамайтын екі жеңіл көлік, екі жүк көлігіміз бар. Камера, қарумен қамтамасыз етілдік.

Табиғатты қорғау инспекторлары жануарлардың тыныштығын тәулік бойы күзетеді. Олар киіктер жайылатын 50-60 шақырымдық аумақты күніне бірнеше рет шолып шығады.  

Көктемге қарай киіктер әлсірей бастайды екен. Дәл осы кезеңде күзет күшейе түседі. Мамандар олардың мекендейтін жерлерін арнайы барып көреді. Дәл біздің артымызда бір 500 метрдей жерде қалың киік жайылып жүр. Ешқандай өлекселер көрінбейді. Бұл олардың күйінің жақсы екенін білдіреді.

Руслан Төлепбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Бұл іс-шараның мақсаты мына қызыл кітапқа енген сонымен қатар жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарларды қорғауын күшейту болып табылады. Солардың мекендейтін жерінде рейдтер жүргізіп, осыларға қауіп төндіретін факторлардың бар-жоғын анықтау.

«Жануарларды қорғау  шаралары жыл бойы жалғасады. Қыста киіктер топ-топқа бөлініп, үйірінен бөлек кетеді екен. Осы кезеңде қырағылық керек», - дейді Табиғат қорғау полициясы. Рейд барысында барлық көлік тексеріледі. Биыл аймақта аң аулау заңын бұзудың алпысқа тарта дерегі тіркеліпті.

Дәурен Кабышев, облыстық Табиғат қорғау полициясының инспекторы:

- Жыл басынан бері аң аулау заңын бұзудың 59 әкімшілік дерегі тіркелді. Бірақ олардың арасында киікті заңсыз ату оқиғасы кездескен жоқ. Оған жол берілмейді де.

Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша киік саны 20 мыңға жуықтаған. Ғажайып жануарлардың өз мекені бар. Ауылшаруашылық жерлерге кедергі келтірмейді. Киіктің көбеюіне инспекторлардың материалдық-техникалық базасының жақсаруы да оң әсерін тигізсе керек. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат