Текелі тұрғындары таза су ішетін болды

Қалаға су құбыры тартыла бастады. Жұмыс ойдағыдай аяқталса, кенді шаһар жұртшылығының жылдар бойғы көкейтесті мәселесі шешіледі.

Тиісті тапсырманы  Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорғанға жасаған жұмыс сапары кезінде жергілікті әкімдікке жүктеген болатын.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Текеліде 31 мыңнан аса халық тұрады. Оларға ауыз су Шажа және Қора өзінен беріліп отыр. Сондықтан көктем және жаз мезгілінде әсіресе жауын шашында ағын сумен қатар көпшілік тұтынатын тіршілік нәрі де  лайланып кетеді. Президент пәрменінен кейін 50 жылдан бері шешімін таппаған өзекті проблемаға қозғау салынып, құрылыс басталды. 

Текелінің Солдатсай шатқалына 2018 жылы үш бірдей су ұңғымасы қазылған. Құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігер мекеме соларды біріктіретін құбыр тартып жатыр.

Берік Сұлтанов, мердігер мекеменің жоба жетекшісі:

- Жоба бойынша бізде 6 км болуы керек. Оның 3500 метр яғни 3,8 км салдық.

- Қалғанын осы жерге саламыз. Бұл жұмыстар бір жұма аралығында бітеді.

Ұңғымалардан шыққан су сыйымдылығы 6000 текше метрлік екі резервуарға құйылады. Одан соң мердігер мекеме тағы тоғыз шақырымға құбыр тартады. Сөйтіп жиналған судың қалаға дейін өз екпінімен ағып келетіндей етіп жасауы тиіс. Маңызды жобаға ел қазынасынан 980 млн теңге бөлінген.

Ғалым Қызылбаев, Текелі қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні 15 процент жұмыс істелді деп жоспарлап отырмыз. Енді күннің қолайсыздығынан жұмыс аса қарқынды өтіп жатқан жоқ. Енді күн жылынған соң жұмысты үлкейтіп, адам санын техниканы арттырады. Бүгінгі күні бес-алты техника істеп жұмыс атқарылып жатыр. 

Жұмысты тамыз айына дейін аяқтау көзделген. Сол кезде тіршілік нәрі Қора және Шажа өзендерінен емес, 200 метр тереңдіктен шығатын ұңғымадан алынады. Нәтижесінде тұрғындар таза су тұтынып, жылдар бойғы мәселе өз шешімін табады.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов