Алматыда жер сілкінісіне төзімділік тексеріледі

Алматы қаласы мен маңында жыл сайын 400-ге жуық жер тербелістері тіркеледі.

Олардың көбінің күші аз болғандықтан тұрғындарға сезіле бермейді. Жоғары сейсмикалық аумақта орналасқан мегаполис үшін сейсмотөзімділік маңызды екені анық. Бұл мақсатта қандай жұмыстар атқарылуда? Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынған? 

Мамандардың зерттеулері мен талдаулары негізінде Алматы аумағы 9 және 10 балдық қауіпті аймақтарға бөлінген. Себебі соңғы уақытта жер қыртысында жаңа тектоникалық ойықтар пайда болған. Не істемек керек? Алдағы зілзаланы анық басып айтар, болжам жасайтын құрал әзірге әлемде жоқ. Бұл ретте біздің мамандар да дәрменсіз.

Елизавета Есенжігітова, ҚР ТЖМ Сейсмология институты жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі:

- Мен дәлдік туралы айта алмаймын, өйткені бақылаулар тым аз, станциялардың саны да саусақпен санарлық. Біз әрине тырысамыз. Жалпы біз зерттеу жүргізумен айналысамыз. Өкінішке орай, стансалар саны өте аз ғана емес, құрал жабдықтар да ескі. Олардың көмегімен  дұрыс болжамдар аламыз деп айта алмаймын.

Алматы мен оның маңында жерасты өзгерістерін бақылайтын 52 станция жұмыс істеп тұр. Олардың жартысы күрделі зерттеулерге бейімделген. Ал қалғанында бақылаудың бір ғана түрі бар. Шын мәнінде, жер қыртысындағы өзгерістерді бақылау өте қиын. Бұл іргелі ғылымның шешімі жоқ мәселесі ретінде қалып отыр, - дейді мамандар. Есесіне төтенше жағдай бола қалса, жылдам құлақтандыру қызметі дайын. Қала айналасына орнатылған стансалардағы сейсмодатчиктерден алынған ақпарат тез арада  ұялы телефондарға таратылады.

Алмат Жаныспаев, қалалық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:

- Күшті жер сілкіністері туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесі 2 жылға кезең-кезеңімен әзірленді. 28 станса орнату қарастырылған. 2022 жылы 11 станцияны орнату аяқталса, биыл 17 станцияны орнату жоспарланған. 

Көңілге тағы бір медеу – биыл Алматыдағы нысандардың сейсмотөзімділігі тексеріледі. Бұған дейін 2017-2018 жылдарда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қаладағы нысандардың 35 проценті сейсмикалық жағдайға төзімсіз деп танылған. 

Бегман Көлбаев, қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас директоры:

- 2017-2018 жылдар аралығында біздің институттың тарапынан Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен паспортизация жасау жұмыстары жүргізілген болатын. Екі жылдың ішінде осы Алматы қаласында орналасқан 11 мыңға жуық нысандар толығымен паспортизациядан өткізілген болатын. Осы 11 мыңға жуық жалпы насандардан 30-35 пайыз үйлер  сейсмикаға жағынан қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізіп, усиление дейміз, укрепление дейміз, осындай  тиісті ұсынымдар берілген болатын.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Осы жылдың екінші жартысында Алматыда жаңа сейсмикалық аудит жүргізіледі. Яғни қаладағы нысандардың зілзалаға төзімділігі тексеріледі. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті сейсмикалық талаптар, қауіптер ескерілген. Абай даңғылынан жоғары 10 балл, одан төмен аудандар 9 баллдық қауіпті аймаққа жатады. 

Соңғы жылдары Қытай мен Жапония мемлекеттері сейсмоболжамдар жасаудан бас тартты, дейді мамандар. Есесіне зілзала қаупі бар аймақтардағы құрылыстың сапасына басымдық беруде. Бұл халқы 2 миллионнан асқан, есепсіз, нүктелі құрылысқа жол берген Алматы қаласы үшін де ескеретін тәжірибе.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Мұхит Құдықбаев