Оралдағы зообақ теңбіл бұғымен толықты

Оралда биологиялық-экологиялық орталықтың зообағы теңбіл бұғымен толықты.

Бір қызығы, түзтағысы кездейсоқ табылған. Ол Тереңкөл ауылдық округіндегі қыстақтардың бірінде өрістегі малға қосылып кетіпті.  Шаруа оны қорасына қамап, күтіп-баптаған. Кейін табиғи резерват мамандарына тапсырды.  Сирек кездесетін әрі өңірдің климатына бейімделмеген жануардың қайдан адасып келгені белгісіз.

Бұл зообақ үшін тосынсый тиелген жүк көлігі. Табиғи резерват қызметкерлері кездейсоқ табылған теңбіл бұғыны осында тапсырып жатыр. 

Теңбіл бұғы қаңтар айының аяғына таман Тереңкөл ауылдық округінен табылған екен. Шаруа оны қорасында ешкілермен бірге ұстаған. Түз тағысы болғанымен адамнан үркімей, біртіндеп қолға бейімделе бастапты. Фермер кейін «Бөкейорда» табиғи резерватына мән-жайды хабарлады. Мамандар ашатұяқты жануардан қан сынамасын алып, карантинге қамаған.

Ғатау Сәрсенбиев, "Бөкейорда" табиғи резерватының станция басшысы:

- Ауру, бірдеңе бар ма, жоқ па, сол жөнінде бүкіл анализдер алынып, содан 19 қаңтардан күні бүгінге дейін сонда (қыстақта) болды. Сол жақтан қарап тұрды, карантинде болды. Сосын Қазталов ауданынан ветстанция қызметкерлері барып қарап тұрды. Содан бері қарай әкелуге болады дегесін, мамандардың рұқсаты болды. Сосын осылай резерваттың көлігіне тиеп, күні бүгін жайлап алып келдік.

Теңбіл бұғы аталық екен. Ғылыми қызметкерлер оны екі жасар деп топшылап отыр. Жағдайы қалыпты. Ал оның қайдан адасып келгені әлі беймәлім.

Ғайса Әбсәтіров, "Бөкейорда" табиғи резерватының ғылыми қызметкері:

- Қызыл терісінде ақ дөңгелек дақтар болады. Ол жазда жарқын көрінеді, қыста кішкене күңгірт болады. Оның жасын мүйізінен, сосын тістен қарайды. Нағыз жабайы емес, адамға үйренген. Індеттік аурулардан таза. Кілегейлі қабықтарын қарағанда ол да қалыпты. Шекарадағы көршілес Саратов облысында бір заповедник па бірдеңе или біреудің ұстаған жерінен қашып кетті ме, содан келді.

Бұл хайуанаттар бағында бұрын-соңды теңбіл бұғы болмаған. Өз кезегінде оны күтіп-баптауда қызметкерлердің тәжірибесі де жоқ. Мамандар енді ғылыми ізденіске кірісіп жатыр. 

Фатима Кержикова, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры:

- Осы жануарды бізге тапсырады дегенде біздер дайындалдық. Бірінші, біздер оқыдық. Қалай осындай жануарларды осындай жағдайда қарсылау керек, қалай оны баптау керек, қалай оны ұстау керек, қандай оған көмек көрсету керегін. Енді болашақта ойлаймыз, бұл жануар мұнда орнын табады.

Экологиялық-биологиялық орталықта аң-құстың 90 түрі бар. Хайуанаттардың жалпы саны 250-ге жуықтайды. Оның ішінде климатқа бейімделмеген теңбіл бұғының болуы барлығы үшін тосынсый болды. Тұрғындар түз тағысын зообақтан бақылай алады.

Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов, Болат Жарылғасов