Ұлытау облысына арзандатылған дизель жеткізіледі

Ұлытау облысында көктемгі егіс жұмыстары кезінде жанар-жағармай шаруаларға жеңілдетілген бағада сатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс әкімдігі дизельдің шекті бағасын бекітті. Ол нарықтан 10-15% арзан болады. Өңірде егіс көлемі көп емес. 40-қа тарта шаруа қожалығы 33 мың гектар жерге дән себеді. Биыл көрсеткіш тағы 2 мың гектарға артады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар көкөніс алқабының көлемін арттыру жұмыстары да қолға алынған. Қосымша 5 мың гектар аумақты пайдалануға беру әзірленіп жатыр.

Мұқағали Рамазан, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Биылға енді Ұлытау облысына қажеттілік бойынша 840 тонна бөлініп тұр. Оның операторын анықтадық. Олардың дизель отынын сақтау қоймалары ыңғайлы жерде орналасқан. Яғни, Жезқазған қаласында біреуі, Қарағанды қаласында біреуі бар. Жаңаарқа ауданының шаруа қожалықтары Қарағандыдан алып кететін болады, Ұлытау ауданының шаруа қожалықтары Жезқазған қаласынан алып кететін болады.