Оралдағы шағын ауданның құрылысы жалғасады

Оралда Ақжайық шағын ауданының құрылысы жалғасады.

Биыл бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді. Құрылысы басталған тұрғын үйлердің төртеуі алдағы күзге дейін тапсырылуы тиіс.  Сонымен қатар, ұзындығы  26 шақырым жол құрылысы басталады. Аймақтағы тілшіміз баяндасын.

Қалада 22 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұр екен. Ал әлеуметтік мәртебесіз баспана ала алмай жүрген адамдар тіптен көп. Қайткенде де шаһарда тұрғын үй құрылысын одан әрі жандандыру маңызды. Ал бұл бағытта жаңадан тұтас шағын ауданның бой көтеруі салаға серпін бергелі тұр.

Арнұр Мақсотов, қала тұрғыны:

- Қазір жастардың, қала тұрғындарының көпшілігінің үй мәселесі бар. Сондықтан шағын ауданда қаламыздың, ең бірінші, үй кезегінің жылжуына үлкен септігін тигізер еді. Сондықтан шағын ауданның басталып жатқанын біз естіп жатырмыз, қуанып жатырмыз. Енді соның аяқталғанын асыға күтеміз. 

Келешек еншісіндегі жаңа шағын ауданның аумағына инженерлік желілер әлдеқашан тартылып қойған. Енді тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл 7 және 10-көп қабатты үйлер. Құрылыс жұмыстары 50%-ке аяқтала келіпті. Кесте бойынша қос нысан алдағы тамыз айында тапсырылуы қажет.

Мирлан Жұмағалиев, қосалқы мердігер компания директорының орынбасары:

- Оныншы, жетінші үйлер 5 қабатты нысан болып табылады. Оныншы үй бойынша 120 пәтер берілу жоспарланады, ал жетінші үй бойынша 60 пәтер. Бетон, осы Оралда бетон өңдейтін зауыттар бар, солардан алып жатырмыз.+ Кірпішті де осы Оралдағы кірпіш зауытынан. Жеткілікті материал. Қазір жұмыс тоқтап тұр ауа райының қолайсыздығына байланысты. 

Ақжайық ықшам ауданында 76 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Соның 25-і мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бір типтік үлгіде 3 мектеп бой көтереді. Шағын аудан жобасы алдағы онжылдықта кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биылдың өзінде қазынадан 15 млрд теңге бөлінген.

Асланбек Ибасов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі уақытта 25 үйдің 11-і 2023-2024 жылдары іске асыру жоспарда бар. 73 мың шаршы метрден астам. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 11 үйдің осы жылы төртеуін аяқтау жоспарда бар. 22 мың шаршы метрден астам. Одан бөлек жол құрылысы жұмыстары басталуда. 26 шақырым ұзындығы. Екі кезеңнен құрылады.

Бұдан өзге шаһардың өзге аумақтарында 16 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Биыл алтауы пайдалануға берілмек. Ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегін сарыла күткен отбасылар саладағы серпілістен үміт күтеді.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов