Елде халықаралық жүк тасымалына қатысты талаптар күшейеді

Бүгіннен бастап елімізде халықаралық жүк автотасымалына рұқсат берудің өзгертілген ережелері күшіне енеді. Бұрын электронды түрде үш құжат берілетін болса, енді құжаттар саны 12-ге дейін өсті. Мақсат – ішкі нарық пен отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғау, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павел Телицин – 30 жылға жуық тәжірибесі бар жүк тасымалдаушы. Ол көбінде Еуроодақ елдерімен жұмыс істейді. Жаңа талаптарды әзірлеуге қатысқан жұмыс тобының мүшесі. Айтуынша, халықаралық жүк тасымалының рұқсатын жөн-жосықсыз алып-сататындар көбейген. Ал жаңа ереже «рұқсат» қағазын алу үшін жалған компания ашатын пысықайлардың жолына тосқауыл болады. Бұдан бұрынғы «рұқсат беру» жүйесіндегі құжат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жүрген. 

Павел Телицын, жүк тасымалдаушы:

- Халықаралық автокөлік жүктеріне рұқсат бланкісі беріледі. Бұл –лицензияның бір түрі. Онсыз бірде-бір жүк көлігінің жүргізушісі шекарадан өте алмайды. Ал кейінгі кездері «рұқсат беру» жүйесінде бұрмаланатын жағдайлар көп болды. Заңсыз делдалдар «адал» рұқсаты бар жүк тасымалдаушыларына қиындық туғызды.

Атап айтқанда, енгізілген жаңа талаптар арқылы автокөлік құралдарына рұқсат берудің нақты мерзімі белгіленді. Әрі шетелдік рұқсат құжатын алудың тәртібі айқындалды.

Жасұлан Маралбаев, ҚР ИИДМ Көлік комитеті басқармасының басшысы:

- Рұқсаттамаларды үшінші тұлғаларға беру, қайта сату жағдайлары анықталған кезде рұқсаттама куәлігі дереу тоқтатылады. Сондай-ақ осы құжаттарға рұқсат алуға қойылатын талаптар белгіленді. Яғни, бұрын электронды түрде 3 құжат берілетін. Қазір бұл құжаттар 12-ге дейін өсті. Біз  талаптарды күшейтудің түрлі шараларын қабылдадық.

Автокөлікпен халықаралық жүк тасымалдау үшін Қазақстан мен шет мемлекеттер арасында екі жақты келісім болуы тиіс. Яғни, шетелдік рұқсат куәлігі болмаса, жүк тасымалына жолдама берілмейді. Бүгінде еліміз 42 елмен келісім жасаған.

Айта кету керек, қызметтер электронды түрде көрсетіледі.

Талғат Есенгелді, Қазақстан көлікшілер одағы автомобиль көлігі мәселелері бойынша атқарушы директоры:

- Қазіргі таңда 10 мыңға жуық отандық тасымалдушылар халықаралық тасымалдауға рұқсат беру куәлігін алған және 44 мың автокөлікке карточкалар алынған. Негізінде мемлекеттік тасымалдаушылар ондай көп емес. Олардың көбісі басқа мақсатпен ашылған болып отыр. Белгілі бір жобамен, мысалы, 2000 рұқсат бланкісімен келісіп, квотамен алып отырсақ, 5 мыңға жуық ұсыныс болып түседі.

Мамандар өзгертілген ереже отандық жүк тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын айтады. Әрі «саңырауқұлақша» қаптаған жалған компаниялардың жолына тұсау болады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов.