Елде көктемгі дала жұмыстарына дайындық күшейтіледі

Биыл елде жалпы көлемі 23 миллионнан астам гектар жерге егіс түседі.

Әсіресе әлеуметтік маңызы бар дақылдарға ерекше көңіл бөлінеді. Көктемгі дала жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 миллиард теңге қаржы қарастырып отыр. Сонымен қатар биыл тыңайтқыш қолдануға да айрықша мән беріледі. Елде өндірілетін минералды тыңайтқыштар бірінші кезекте отандық нарыққа бағытталады. 

Дихандар алаңсыз іске кірісу үшін жанар-жағармай қолжетімді болуы тиіс. Жылда көктемгі дала жұмыстары басталысымен жанар-жағармай төңірегінде мәселе туындайды. Оның алдын алу үшін биыл мемлекет жеңілдетілген бағамен 413 мың тонна дизель әзірлеп отыр. Оның бағасы литріне 184 теңге болып бекітілді. Науқан кезінде жанармайды бөлу ерекше бақылауға алынады. Енді дизель шаруаларға электронды түрде үлестіріледі.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының көлемін қалыптасыру және бөлу тәртібінің жобасын әзірлеуде. Сонымен қатар субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін де жеңілдетілген дизель отыны квоталарын алушылардың тізілімін қалыптастыруды көздейтін іс қимыл алгоритмдері әзірленуде. Мемлекеттік ақпарат жүйесінде дизель отынын электронды бөлу және тарату функцияларын іске қосу 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында жоспарланған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа жасырын сататын операторларға барынша қатаң шара қолдану қажет. Аумақтар бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы және жанар-жағармайға қажеттілігі бар шаруалардың деректер базасын құру керек.

Маусым кезінде оңтүстік өңірлерде суармалы су мәселесі күрделене түседі. Әсіресе Жамбыл облысында проблема өткір тұр. Өңірде жалпы көлемі 182 мың гектарға жуық  суармалы жер болса, соның 45 проценті ғана тиісті деңгейде сумен қамтамасыз етіледі. Биыл аймақта суармалы алқаптарды қалпына келтіруге бағытталған арнайы жол картасы әзірленді. Соның аясында 2025 жылға қарай 124 мың гектар жерді қалыпқа келтіру жоспарланып отыр.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

- Сонымен қатар Жол картасы аясында жетіспейтін суды қосымша су көздері арқылы қамту көзделген. Су тапшылығы бар аудандарда жер асты суының потенциалын толығымен пайдалану мақсатында 2023-2025 жылдары 646 ұңғыма қазу қолға алынып отыр.

Еліміздің аграрлық саласында тыңайтқыштарды қолдану көлемі тым төмен. Топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басуы өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр.

Соның салдарынан дихандар 10 млн тоннаға жуық бидайдан қағылған. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазіргі таңда тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің  небәрі 26%-ін ғана құрап отыр. Тіпті көрші елдердің өзінде  бұл көрсеткіш  бізден бірнеше есе жоғары. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді. Сондықтан, осы өндірістердің бәрін, ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қазірден бастап күшейтіліп, егіс алқаптары әртараптандырылады. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар және жеп-шөп дақылдарына басымдық беріледі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Ерлан Наурызбаев