Дәстүрлі «Қалқан» республикалық қысқы спартакиадасы аяқталды

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің арасында өтетін  жыл сайынғы дәстүрлі «Қалқан» республикалық қысқы спартакиадасы мәресіне жетті.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының өрендері жеңіс тұғырынан көрінді. Жүлделі орын алғандар қатарында Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының командасы да бар. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты бүгін Алматыдағы офицерлер үйінде өтті. Ел аймақтарынан жиналған 14 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектер бес күн бойы пневматикалық қарудан оқ ату, белтемірге тартылу, шаңғы жарысынан бақ сынасқан болатын. Жарысқа 17 команда қатысты. «Мұндай шаралар жеткіншектердің бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, шымыр болып өсуіне ықпал етеді» - дейді ұйымдастырушылар. Спартакиадаға қатысушылар Алматының көрікті жерлерін аралап, әскери-тарихи музейлерді тамашалады.  Биылғы спартакиада Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылды.

Жақсыбай Есжанов, А. Байтұрсынов атындағы №48 мектептің алғашқы әскери дайындық ұстазы /Астана/:

- Былтыр Астана қаласы былтыр бірінші жылы да үшінші орынға ие болғанбыз, биыл да үшінші орынға ие болдық. Мұндай жарыстар өтіп тұрғаны өте жақсы. Балалар бір бірімен танысып, өздерінің спорттық деңгейдегі шамаларын байқатып, енді келесі жарысқа жоғары деңгейде дайындалып келсек деген ниеттерін білдіріп жатыр.

Қайырлы Саясат, спартакиадаға қатысушы /БҚО/:

- «Қалқан» республикалық спартакиадасына мен бірінші рет қатысып тұрмын. Бірінші рет қатысуымда жүлделі екінші орын жеңіп алдым. Менің ойымда ол болған жоқ. Негізінде жақсы дайындықпен келдік деген ойдамын. Келесі жылы бірінші орынға талпынып көреміз.