Абай облысында тасқын cуға қарсы дайындық қарқынды жүріп жатыр

Бүгін Семейде «Көктем 2023» республикалық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Шара аясында шаһардағы тасқын қаупі жоғары 5 ықшам аудандағы су арналарын тазарту, жағалауларды нығайту жұмысы атқарылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азамат Қасым, тілші:

- Жергілікті Төтенше жағдай басқармасы мамандарының айтуынша, Семейде тасқын қаупі бар 15 участок бар. Соның бірі – біз тұрған Мирный кенті. Қазір ғана осы елді мекеннің маңынан ағып өтетін Ертіс өзенінде мұз жару жұмысы жүргізілді.

Мұз жару жұмысын жүргізу үшін 260 ойық дайындалыпты. Мамандардың айтуынша, жарылғыш зат өзеннің арнасы тарылатын тұстарына қойылады.

Сұлтан Ахметов, Абай облыстық Төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары:

- Жарылғыш заттың салмағы – 520 келі. Бүгін бүкіл облыстың қала-аудандарында осындай жұмыс атқарылып жатыр. Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Семей қаласында осындай жұмыстар өткізіледі. 

Азамат Қасым, тілші:

- Оқу жаттығу жиыны қаланың 5 аумағында өтіп жатыр. Мәселен,  Бейбітшілік аралында жағалауды нығайту жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ шаһардағы шағын көпірлер мен бұлақтар тазартылды. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қыс басталғалы бері қала аумағынан 380 мың шаршы метр қар шығарылған. Абай облысында 38 елді мекенді су басу қаупі бар. Осыған орай 27 мың қап құм мен 2,5 мың тонна инертті материал әзірленген.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Біз биыл Ертістегі мұз жару жұмысын жылдағыдан ерте өткізіп жатырмыз. Өйткені өңірде күн күрт жылынып кетті. Қазір өзендегі мұздың қалыңдығы –70-80 сантиметр. 1-2 күннен кейін Үлбі өзеніндегі мұзды жарамыз. Шүлбі су электр станциясын да бақылауда ұстап отырмыз. Су деңгейін төмендету шараларын бастап та кеттік.  

Төтенше жағдай мамандарының сақтық шараларын жеделдете қолға алып жатқанын түсінуге де болады. Соңғы күндері өңірде күн күрт жылынып кетті. Бүгін Семейде ауа температурасы 4 градус жылы.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.