Депутаттар ел сеніміне селкеу түсірмейтініне сенімді

Бүгін Парламент ел назарында.

Жаңа құрамдағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысында су жаңа депутаттар ант берді. Депутаттық қызметіне кіріскен мәжілісмендер алда атқаратын жоспарларымен бөлісті. Ал Парламент Мәжілісінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов қайта сайланды.

Су жаңа депутаттар бүгін ант беріп, мәжіліс мінберіне жайғасты. Жаңа жасақталған мәжіліске қайта Төраға болған Ерлан Қошанов ел үмітін ақтайтынын айтты. Яғни «халық қалаулылары» халықтың сеніміне селкеу түсірмейтіндеріне сенімді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Бұл сенім мен үшін үлкен мәртебе, сондай-ақ халқымыздың алдында зор жауапкершілік. Сондықтан палата депутаттарымен бірге сайлаушылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін тәжірибемді, бар күш-жігерімді саламын деп уәде беремін. Бүгін Президент сессияда барлық бағыт-бағдарымызды анықтап берді. Бұл тұрғыда жүктелген міндеттерді сапалы әрі тез арада іске асыру біздің ортақ жұмысымыз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, бізге халықтың сенімі бар. Атап айтқанда, халықтың сенімін барлығымыз абыроймен атқарайық.

Жаңа шақырылым депутаттары ешкімнен қаймықпай мұқым елдің мұңын биік мінберден жеткізе аламыз деп отыр.  Себебі көппартиялы парламентке артылған үміттің жүгі ауыр.  Депутат креслосына жайғасқан экс-министр Асхат Аймағамбетов бұрын жинаған тәжірибесі алдағы қызметінде де көмектесетініне сенімді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз оның алдында да өңір аралап жүрдік. Сондықтан проблемалық мәселелер аз емес. Оны біз ашық айтуымыз керек. Енді осы проблемаларды заңнамалық негізде шешуіміз керек. 00,18 Бізде сайлауалды бағдарлама бар. Осы бағдарламада бекітілген басты мәселелермен жұмыс істейміз. Нағыз жұмыс енді басталды. Барлық айтылған уәделерімізді орындауымыз керек.

Бұл жолы парламент қызу пікірталасқа толы плюрализм алаңына айналмақ. Олай дейтініміз мәжіліске елдегі оппазиция өкілдері де келді. 30 жыл билікті сынға алған Ермұрат Бапи енді мәжіліс депутаты. 

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 25 жыл бойы оппозицияда жүрген адамның парламентке тап болуы бұл елдегі соңғы саяси жағдайларға баға беру көрсеткіші болып отыр. Менің бағытым, мақсат-мұрат, мүддем қалай болды, солай қалады.

Мәжілістің жаңа шақырылымындағы әріптестеріне Сенат депутаттары да сәттілік тіледі. Болашақта алға қойған ауқымды мәселелерді бірігіп шешу қажеттін айтты.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Негізгі ұстанылған бағыт жалпы Қазақстанның әлеуетін арттыру, елдің тұрмысын жақсарту, халықтың жағдайын оңалту мәселесіне байланысты болды. Сондықтан да алға қойылып отқан міндеттер өте өзекті, және бұның барлығына біздің Парламенттік корпус бірінші кезекте сапалы заңдарды қабылдауменен тікелей атсалысады деп сенемін. Жаңа Парламенттің құрамы осы талаптан шығу керек деп есептеймін.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Енді кеп жатқан жаңа мәжілістің алдына қойылатын көптеген талаптар, көптеген жоспарлар бар. Оның ішінде бірқатарын атап өтетін болсақ, ол әлбетте ашық, жүйелі түрде тиімді болатын салық кодексін қалыптастыру. Одан кейін, болашақтағы туризм саласына көбірек аса мән беру. Оның ішінде инфрақұрылым, жол мәселелері бар. Және үшінші мәселе адам капиталын дамыту. Оның ішінде түрлі әлеуметтік мәселелер.

Осылайша VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары өз қызметтеріне кірісіп кетті. Енді жақын күндері жаңа Үкімет басшысын Amanat партиясы ұсынады.

Айнұр Қуатқызы