Шымкентте дизель отыны шекті мөлшерде саудаланып жатыр

Шымкентте жанармай бекеттері дизель отынын шекті мөлшерде саудалап жатыр. Салдарынан көлік жүргізушілері көктемгі егіс науқаны басталған тұста техникаларына сұйық отын жеткізе алмай әлек. Ал транзитті жүк көліктері орта жолда қалып, сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Салаға жауаптылар ірі жанар-жағармай құю бекеттерінде дизель отынының тапшылығы жоқ дейді. Тек талонмен үлестіріп, шекті мөлшерде саудалау арқылы жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қала ішіндегі жанармай бекетінің өзінде жүк көліктерінің жүргізушілері сағаттап өз кезегін күтіп тұр. Салдарынан жол бойында бірнеше шақырымға созылған ұзын-сонар кептеліс те пайда болды. Шаһарды шарлап, дизелі бар бекетті тапқан жүргізушілер түн ортасы болса да, күтуге дайынбыз дейді.

Өйткені тапқанын місе тұтып, кезек күткеннен басқа шара жоқ. Жүк көлігін айдап, несібесін айырған Дәулетбек Өтеулиев осылай дейді. Сұйық отынға сұраныс көбейгенде кейбір стансалар дизельді сатылымнан мүлде алып тастаған.

Дәулетбек Өтеулиев, көлік жүргізуші:

- «Салярка» жоқ. Күнде кезек. Қай жанармай бекетіне барсаңыз да, «салярка» жоқ. Жұмысқа шыға алмай тұрмыз, міне. Осылай әр жерден 200 литрден құямыз. Соның өзіне Құдайға шүкір деп отырмыз ғой, 200 литр берсе де. Әйтпесе, қайсысына барсаңыз да – осы.

Шаһарда 196 жанармай бекеті бар. Оның 71-і ірі операторларға тиесілі. Оларда жанармай тапшылығын болдырмау үшін ішінара шекті норма белгіленді. Әр жеңіл көлікке 100, ауыр техника үшін 200 литрден ғана беріледі

Ерлан Алтаев, көлік жүргізуші:

- Алдыңғы күні, кешегісін білмеймін, мен өзім бір аптаталап тұрдым. Іздедім. Жеңіл көлікпен шығып іздеймін. Осы бекет беріп жатыр деп таңғы 9:00-ден келіп тұрамыз. Осындай түскі уақытта құйып, кетеміз. Келген көлік құяды әйтеуір. 200 литрден береді.

Жанар-жағармай қауымдастығының басшысы Шымкент мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жабылғанда қажетті қор жинақталғанын айтады. Қазіргі жағдай бақылаудың нашарлығынан туындап отыр. Өйткені жылына мыңдаған тонна сұйық отын көлеңкелі жолмен шетел асады екен.

Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы:

- Әрқашан бізде жетіспеушілік пайда болады. Оның барлығы механизмнің жоқтығынан. Әлі де болса оған қоғам болып бірігіп, қауымдастық мемлекетпен бірігіп, оған қадағалау қажет. Неге десеңіз, ол стратегиялық тауар көтерілсе, басқа да тауарларымыздың бағасы көтеріліп отырады. Мысалы, Мақтааралға жіберген мұнай өнімдері 20 тонна жіберілсе, ол жетті ме?! Ол алды ма?! Немесе ол қара нарыққа кетті ме?!

Шаһардағы Ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге көктемгі егіс жұмыстары үшін 500 тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылған.

Мамандардың айтуынша сұйық отынның қажетті мөлшері шаруа қожалықтарының сұранысына сай белгіленген.

Қайрат Базарбеков, қалалық Ауыл шарушылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары:

- Көктемгі дала жұмыстары үшін ақпан айында басталған жеңілдетілген дизель отынын тарату. Бүгінгі күнге дейін 310 тоннаны 24 шаруақожалығына белгіленген талаптарға сәйкес және арнайы комиссияның хаттамасына сәйкес үлестіріліп отыр. Ешқандай өзекті мәселелер жоқ.

Энергетика министрлігі Шымкент мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтағанда жанар-жағармайдың мол қоры жинақталғанын хабарлады. Ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету үшін Атырау мен Павлодардағы зауыттардың өндіріс көлемі ұлғайтылған.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің м. а.:

- Біз нарықтың қажеттілігіне сәйкес жанармай қорын жинақтағанбыз. Шағын желілік стансаларда бағаның өзгеруі мен дизельдің тапшылығы болуы мүмкін. Бірақ мұнай өңдеу базасында сұйық отын қоры жеткілікті. Біз күнделікті қадағалап отырмыз. Атырау зауытынан еліміздің оңтүстігіне жанармай жөнелтуді жөн деп шештік. Яғни, Алматы мен Түркістан облыстарына және Шымкент қаласына тасымалданады.

Автокөлік жүргізушілері мен шағын кәсіп иелері жанармай қоры жеткілікті деген сөзге күмәнмен қарайды. Олардың уәжі Атамекен кәсіпкерлер палатасында тыңдалды. Жиында жанармайды жеткізуді бақылау, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою жолдары талқыланды. Барлық ұсыныстар Үкімет қарауына жолданады. Сондай-ақ сәуірден бастап тұтынушылардың сұранысына сай берілетін сұйытылған газ көлемі 6,5 мың тоннадан 8 мың тоннаға көбейеді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.