Шымкентте бизнес бастаған кәсіпкерлердің құқығы қорғала ма?

Шымкентте жерді ұзақ мерзімге жалға алған кәсіпкерлер енді оны қайтарып беруге мәжбүр.

Өйткені кәсіпкерлер мен әкімдік арасындағы екі жақты келісім заңсыз жүргізілген. Осылай деген Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жүгініп, барлық учаскелерді қайтарып алмақ. Алайда іс бастаймын деген кәсіпкерлер қыруар қаржы жұмсап, сауда нүктелерін салып қойған.

Енді кеткен шығынды кім өтейді!? Кәсіпкерлердің құқығы қорғала ма!? Аймақтағы әріптесім тараптардың пікірін тыңдап қайтты.

Нұржігіт Мұталов бизнесті қолдауға бағытталған жоба аясында жер телімін сенімгерлік басқаруға алған жас кәсіпкерлердің бірі. Ол алты шаршы метр аумаққа сауда нүктесін салып, оны жабдықтауға 10 миллион теңге несие қаржысын жұмсады. Алайда ісі ілгері басқанда нысанды бұзу туралы сот шешімімен қаулы шығыпты.

Нұржігіт Мұталов, кәсіпкер:

- Бұл жерде қала әкімінің қаулысы не болды!? Бұл жердегі қаншама құжаттар не болды!? Сол жерде мысалы халық қалаулылары мәслихатта қаралған дейді да осы сұрақ. Сол бойынша рұқсат берілген дейді. Сонда алғанға дейін заңды болып келді да. Біз жұмыс істейміз заңсыз болып қалады екен.

2020 жылы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 48 кәсіпкер дәл осындай қолдауға ие болып, іс бастаған. Олар «1000 сауда нүктесі» жобасы аясында 10 жылға жер учаскесін жалға алыпты. Бірі әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашса, енді бірі фастфуд өнімдерін дайындайтын дүңгіршек салған. Сондай-ақ мобильді техникалық сервис қызметін ұсынып, заманауи нысан құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізгендер де бар.

Бусси Мәмедова, қаржы директоры:

- Осы бағдарлама бойынша жер инспекциясы біздің де бір дүкеніміз орналасқан жерді қайтарып алғасы келеді. Алайда біз кәсіпкерлік нысанан салуға қалтамыздан 15 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсадық. Дүкенде әлеуметтік бағамен сиыр етін саудаламақ болып едік. Кенет учаске заңсыз берілгенін айтып, сотқа сүйрелеп жатыр. Біздің кәніміз қандай?

Жер ресурстарын басқару департаментінің тиісті тексеруінен соң 2018 жылдан бері жер кодексі талаптарының өрескел бұзылғаны анықтаған. Әзірге мамандар жеті кәсіпкердің жерін мемлекетқа қайтару туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап – арыз түсірген. Оның төртеуі қанағаттандырылса, қалғаны қаралу сатысында. 

Нұрлан Әбдіразақов, қалалық Жер ресурстарын басқару департамені басшысының орынбасары:

- Әкімдік тарапынан табысталған жерлердің барлығы дүңгіршек, сауда-саттық, сосын ішінде тұрғын үй құрылыстары үшін беріліп кеткен. 265 жер учаскесінің кадастрлық құны шамамен 4 миллиардтың үстіндегі ақша болады. Егер оны аукционға шығарып сатқанда ол бюджетке екі есе болып түсетін еді. Яғни бұл әкімдік тарапынан жіберіліп жатқан заңсыздықтар болып есептеледі.

Алайда департаменттің деректерімен әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы келіспейді. Себебі бизнесті қолдау мақсатында құрылған жоба заң шеңберінде жүзеге асқан. Керісінше тиімді мүмкіндікті пайдаланғандар қала экономикасына 750 миллион теңге инвестиция салып, бос жұмыс орындары ашылған.

Ерлан Қаттабеков, "Shymkent" ӘКК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл әкімшіліктің балансындағы жер. Бұл СПК-ға арендаға берілген жер. СПК бұл жерді сенімгерлік басқаруға кәсіпкерлерге берді. Бұл жерде ешқандай проблема көріп тұрғанымыз жоқ. Екіншіден бұл жерді кәсіпкерге ешкім оформить еткен жоқ. Үшіншіден ол жер мемлекеттің балансында болғаннан кейін ол жерді алып қойып, кәсіпкерлерді соншама шығынға келтіріп, осылай далада қалдырған біздің ойымызша дұрыс емес ол.

Бірлескен отырыста кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін сотқа қайта аппеляциялық шағым беру ұсынылды. Әйтпесе бизнес бастаған кәсіп иелері тақырға отырып, шығынға батуы мүмкін. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жерді заңсыз үлестіргені дәлелін тапса қылмыстық іс қозғалатын болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы