Әйгілі режиссер Сұлтан Қожықовтың туғанына 100 жыл

«Қыз Жібек» көркем фильмінің режиссері Сұлтан-Ахмет Қожықовтың туғанына биыл 100 жыл.

Қазақ киносының жауһарын таспалаған талантты тұлғаның есімі Сыр елі ғана емес, күллі қазақстандықтарға кеңінен таныс. Алматыдағы Ұлттық кітапханада туғанына ғасыр толған өнер майталманын еске алу шарасы өтті. Сұлтан Қожықовтың көзін көрген өнер өкілдері келіп, естеліктерімен бөлісті.

«Қазақ киносының төлқұжатына айналған «Қыз Жібек» фильмін режиссер Сұлтан Қожықов 48 жасында қолға алыпты. Тек дайындық жұмыстарына бір жыл кеткен. Содан соң екі жылда түсіріліп бітеді. «Қыз Жібек» киносының жүректен шығып, көрерменді әлі күнге жалықтырмай келе жатқанының бір сыры режиссердің шеберлігі», - дейді ізбасар әріптестері. Фильм біраз жас актердің жұлдызын жақты. Солардың бірі-Асанәлі Әшімов. Екі тұлғаның таныстығы осы фильмнен басталыпты.

Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның еңбек ері:

- Сұлтекең алғашқы кезде қалай болар екен, деп сеніңкіремей жүрді. Байқаймын, әртүрлі сұрақтар қойып: «Қалай ойлайсың, ол қандай адам, ол қандай ат міну керек?» Мен жауап беріп жатсам, соған керісінше: «Ондай емес»,-деп әдейі. Кейін білдім ғой сөйтсем мінезі сондай екен.

Еске алу кешінде Сұлтан Қожықовтың өмірі мен өнеріне арналған деректі фильм көрсетілді. Жоба авторы Болат Нүсімбековтың айтуынша, «Қыз Жібек» картинасының сапалы шығуы үшін режиссер бар күш-қайратын жұмсаған. Тіпті, инфаркт та алған дейді. Ұлттық кинематографияның мақтанышына айналған «Қыз Жібек» фильмінің экранға шыққанына да жарты ғасырдан асты. Туынды әлі күнге дейін жас режиссерлердің темірқазығы іспеттес.

Болат Нүсімбеков, кинооператор:

- «Қыз Жібек» фильмі Сұлтан Қожықов үшін ең ауыр жұмыс болды. Біріншіден, фильмнің шығыны көп болған. Оған қоса фильмнің екі бөлімнен тұратынын соңына дейін ешкім білмеген. Осы туынды үшін алған мемлекеттік премияның ақшасын, түсірілім тобына үлестіріп берген.

Сұлтан Қожықов «Қыз Жібектен» өзге «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Шыңдағы шынарда» сынды бірқатар фильм таспалады. Оған қоса, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов пен Иван Поддубныйдың достығы туралы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмі де көрерменге жақсы таныс.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев