Оралдағы №31 мектептің құрылысына қаржы қазынадан қаралмақ

Орал қаласындағы №31 мектептің төңірегіндегі 4 жылға созылған дау-дамайдың биыл шешілетін түрі бар.

Апатты жағдайдағы білім ордасы 2019 жылы жабылып, 20-шы жылы сүрілген еді. Содан бері оқушылар өзге мектептерге қатынап білім алып жүр. Ал жаңадан ғимарат тұрғызам деген жеке инвестор уәдесінен тайқып кетті. Енді құрылысқа қажетті қаржы қазынадан қаралмақ.

№31 мектепті жаңадан саламыз дегенде бөркін аспанға атқанның бірі Фаина Үмбетова еді. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. 4 жыл болды, мектептің іргетасы ғана тұр. Сол кездегі әкімқаралар бюджетте ақша жоқ дегенді сылтауратып, жерді жеке кәсіпкерге беріп қойды. Содан бері бастауыш сынып шәкірттері жақын жердегі жеке мектепте оқыса, орта және жоғары сынып оқушылары қашыққа қатынап жүр.

Фаина Үмбетова, қала тұрғыны: 

- 34-ші мектепке бару үшін балаларымыз теміржолдан өтеді. Алаңғасар ойын балалары ғой, пойызға қағылып қала ма деп зәреміз ұшады. Қашан үйге келгенше алаңдап отырамыз. Әрі дұрыс жол да жоқ. Батпаққа батып барамыз.

Осы 4 жылда ата-аналар жаңа білім ордасының құрылысын тездетуді сұрап, талай табалдырықты тоздырыпты. Нәтиже жоқ. Тек биыл облыс әкіміне кіргесін ғана сең қозғалған сыңайлы. Қазір жеке мектеп салам деген «888» серіктестігі көтере алмас шоқпарды беліне байлағанын түсініп, жобадан бас тартыпты. 

Әлібек Антазиев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы:

- Жері мемлекет меншігіне қайтарылды.  Бұрынғы жоба 400 орындық мектебіміз болды. Сол жоба қала береді. Бүгінгі таңда сол жоба 2018 жылы іске асырылған. Сондықтан бағасы өсуіне байланысты құрылыс материалдарының,  сондықтан біздер корректировка істеп, құрылысын бастаймыз.

Құрылысқа қажетті қаржы республикалық бюджеттен  қаралмақ. Білім ордасы келер жылы тапсырылады. Жалпы Орал қаласында мектеп жетіспейді. Жыл сайын шаһарда оқушы саны үш жарым мыңға көбейеді екен. Күні бүгін 50 мектепте 60 мың бала оқиды.

Бағдагүл Бақтыгереева, Орал қалалық білім беру бөлімінің бас маманы:

- 3  ауысымда жұмыс жасап жатқан  6 мектеп бар. Апатты мектеп деген қала бойынша жоқ,  бірақ екі мектеп апат алдында деп танылды. Халық саны көбейді. Сондықтан оқушы саны көбейіп, мектеп қажеттілігі туындап отыр. Бұл Зашаған ауданы, Жұлдыз шағын ауданы, Ескі аэропорт және Деркөл шағын ауданы.

«Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін облыс орталығында 9 мектеп бой көтереді деп жоспарланып отыр. Оның үшеуінің құрылысы биыл басталады. 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмұдов, Э. Аюпов