Өскеменде дәрігерлер тәжірибе алмасты

Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласы бұдан былай «Президент Ісі Басқармасы Медициналық орталығымен» тығыз байланыста жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған орталық өкілдері өлкедегі бірнеше емдеу мекемесін аралап, ондағы медициналық мүмкіндіктермен танысты. 34 білікті қызметкер 4 күн бойы Өскемендегі  әріптестерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сағаттарын өткізді. Жергілікті дәрігерлермен бірлесіп 20-дан аса түрлі операция жасады. 200-ден аса науқасқа нақты кеңес беріп үлгерді. Нейрохирург, аритмолог, кардиолог сынды мықты мамандардың алды адамнан босамады. Мәселен, акушер-гинеколог Әділ Әдірешов Астанадан келгелі бері операция үстелінің қасынан кеткен жоқ. 2 күн ішінде 5 операция жасап шықты. Барлығы сәтті өтті. Бұл кездесудің екі тарап үшін де берері мол, - дейді ол.

Әділ Әдірешев, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының гинеколог дәрігері:

- Бір байқағаным, мұндағы дәрігерлер құрамы өте білімді әрі тәртіппен талапқа сай жұмыс істейді. Барлық операциялар сәтті аяқталды. Кейбір әдіс тәсілдерімізді көрсеттік, кейін қолданады деген үміттеміз.

Наталья Удалова, облыстық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі:

- Тәжірибесі жоғары мамандармен бірлесе жұмыс істеу ешкімге артық етпейді. Әсіресе осы гинекологиялық операция бойынша біршама ерекше шешімдерге көз жеткізіп, таңғалды. Енді осы үйренгемізді ары қарай қолданысқа енгізетін боламыз.