Бүгін Мемлекет басшысы ҚХА жаңа мемлекеттік наградасын бекітті

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғам бірлігін нығайту жолындағы табысты еңбегі үшін» атты жаңа мемлекеттік наградасы бекіді.

Алғашқы лауреаттар биыл қазан айында Республика күнінде марапатталады. Ассамблеяның 32-ші сессиясында Президент осылай деді. Жағымды жаңалық мұнымен бітпейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның екі бірдей сыйлығын тағайындауды ұсынды. Атап айтқанда, әдебиет пен журналистика салаларындағы үздік жұмыс үшін және мәдениет пен өнер саласындағы үздік шығармалар үшін сыйақы тағайындалады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының былтырғы 31-ші сессиясы жаһанды жалмаған коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта өткен еді. Сондықтан да болар, бір жыл көріспегендер бір-бірімен емен -жарқын әңгімелесті. Оңтайлы сәтті қалт жібермей, алда бірлесіп атқаратын жұмыстарды пысықтады. 

Ассамблея атқаруы тиіс міндеттерді бүгін мемлекет басшысы да айқындап берді. Жиынды ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде бірлік пен тұрақтылықты дамытып, ұйымның жұмысын біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау керектігін айтты. Яғни, этномәдени бірлестіктердің қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аударуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде шынайы пікір алуандығына қол жеткіздік. Әрине, әр саясаткердің өз пікірі болуы орынды. Елімізді дамыту, күнделікті мәселелерді шешу туралы көзқарастар үнемі бірдей бола бермейді. Бұл – түсінікті. Алайда ел бірлігін сақтауға келгенде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз керек. Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз.

Ал этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолы қатаң түрде кесілетін болады. Жоғары мінберден Президент үй ішінен үй тігуді көксеген сепаратизммен бірігіп күресу керектігін айтты. Егеменді елдің іргесін ірітуге бағытталған бұндай арандатушылықтар ұлттар арасында жанжал туғызып, бейбітшілік пен келісімді бұзуға бағытталған. Сондықтан бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әрбір азамат егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымыз бәрінен қымбат екендігін түсінуі керек деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі.

«Әлемдегі барлық қақтығыстар мен соғыстар ұлттық тәкаппарлықтан, басқа этностың өкілін көргісі келмеуден туындайды. Сондықтан бұндай менмендікті шынайы патриотизммен шатастырмай Әділетті Қазақстанды барлығымыз бірге құру керекпіз», – деді Президент. Осы ретте мемлекет басшысы Ассамблеяның жұмысын жетілдіріп, парламентте депутаттық бірлестік құру керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру. Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда. Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің және Президент Әкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек.

Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты екендігін Президент бүгін тағы бір мәрте еске салып өтті. Алдағы уақытта қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұны тек жауапты министрліктер ғана емес, бүкіл қоғам болу шешу қажет. Президенттің сөзінше бұл – тарихи міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі.

Соңғы кезде қазақ тіліне деген сұраныс артқандығын аңғаруға болады. Әсіресе, жастар арасында трендке айналған. Мәселен, петропавлдық Юлия Родионова мемлекеттік тілді тек университет қабырғасында жетік меңгерген екен.

Юлия Родионова, СҚО ҚХА мүшесі:

- Меніңше бүгін мемлекеттік тілді білу деңгейі көтеріліп жатыр біздің қалада. Әрине, мемлекеттік тілді білу үшін жағдайлар жасалып жатыр. Бізде қазақтар да, орыстар да бір-бірімен қазақша сөйлеуге тырысады. Ал қазақ тілін білу үшін, қазақша сөйлеу үшін орта керек. Қазақ тілін университетте қазақ филологиясын бітірдім 13 жыл бұрын. Университетке дейін қазақ тілін білген жоқпын.

Ольга Спирина, "Қазақша Speaking Club" жобасының негізін қалаушы:

- Жалпы кез келген тілді үйренудің сыры – практика. Сен қанша жерден курстарға барып қатыссаңда, қанша жерден грамматиканы оқысаң да практика болмаса сен сөйлей алмайсың. Сондықтан ең негізгі біздің қойып жатқан мақсатымыз – ол тілдік ортаны қалыптастыру.

Сондай-ақ, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандықтың бірегейілігінің нағыз символы – ол көк паспортымыз бен көк байрағымыз екендігін айтты. «Бұл құжат этникалық шығу тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, адамды Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі құқықтармен және міндеттермен толық қамтамасыз етеді. Ал туымыз ірі халықаралық спорт жарыстарында және басқа да шараларда жоғары көтерілген сайын біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Ал даңқты шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс», – деді Президент.

Ал Ассамблеяның 32-ші сессиясы соңында мемлекет басшысы халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар отандасымызды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Ел бірлігін сақтауға келгенде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз керек. Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Өйткені біз - Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Сондықтан да ұлттар арасындағы бірлік аса маңызды. Ал тіл және ұлт аралық провакациялар заң аясында қатаң қудаланатын болады деді Президент. Бір сөзбен айтқанда өзгелердің ақпараттық соғыстары мен идеологиялық пікір таластары бізге қажет емес.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Алмас Омарғалиев