Атырауда реабилитологтардың тегін курсы ашылды

Қазір реабилитологтарға сұраныс жоғары.

Осыған байланысты Атырау қаласында реабилитация бойынша тегін курс ашылды. Ниет білдірген қала тұрғындары  орталықта білім ала алады. Бұл мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған ата-аналар үшін де үлкен көмек.

Отадан шыққан науқастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше күтім қажет. Бұл ретте оларды сауықтыруға жәрдемдесетін жандар мен кәсіби реабилитологтарды оқытудың маңызы зор. Осы мақсатты көздейтін тренингке қазір 10 адам қатысып жатыр. Солардың бірі Светлана Сәрсекенова. Курс туралы әлеуметтік желіден біліпті. Мұның өзі үшін де, өзге үшін де пайдасы зор екенін айтады. 

Светлана Сәрсекенова, қала тұрғыны:

- Реабилиотологтардың жұмысы бұрыннан ұнайтын. Үйреніп алғаннан кейін айналамдағы жандарға көмек көрсеткім келеді. Семинар басталғалы көп уақыт өткен жоқ, бірақ үйренгенім көп. Бәрі де күнделікті өмірде қажет дағды.

Тегін тренингте білікті мамандар 5 күн бойы оқытады. Кинезиотерапия, педагогикалық коррекция, емдік дене шынықтыру, дефектология мен логопедия бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушылардың білімін жетілдіреді. 

Гүлмира Жұмашева, реабилитациялық орталықтың маманы: 

- Сол анатомиядан бастап, тірек-қимыл жүйесінен бастап сабақ өткізіліп жатыр. Науқастарды қалай қауіпсіз жылжыту керек, жоғарғы позициядан дұрыс қалай көтерілуі керек, қалай дұрыс жатуы керек, содан бастап сенсорлық интеграция, нейропсихологиялық коррекция, мидың құрылысы туралы барлық осы тақырыпта тәжірибе алмасатын боламыз. 

Реабилитологтарға қазір сұраныс көп. Осындай тренингтердің арқасында үйден де емдік жаттығуларды жасауға болады. Тегін семинар енді ай сайын өтіп тұрмақ.  Курсқа жазылғандар арасында аудан тұрғындары да бар. 

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин