Оралда жол құрылысының мамандары жетіспейді

Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы саласының мамандары жетіспейді.

Сарапшылардың айтуынша, қызмет атқарып жатқандардың дені кәсіби маман емес. Өңірде  маман даярлайтын жалғыз арнаулы оқу орыны бар. Ол мемлекет есебінен қаржыландырылады. Дегенмен, кадр сұранысы толық жабылмай тұр.

Азамат автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы мамандығы бойынша кәсіби білім алған. Қазір жол құрылысы материалдарының сапасын тексеретін зертханада еңбек етіп жүр. «Өзім таңдаған салада қызмет атқарып жатқанымды мақтан тұтамын» дейді ол. 

Азамат Рамазан, зертхана қызметкері:

- Ауылдық жерде көретін едім үлкен техникалардың, кісілердің жол саласында жұмыс істеп жатқандарын. Сонда қызығып, не істеп жатыр екен, қалай болады екен деп. Сол өсе келе жолдың саласына қызығып, осы жол мамандығына түскен болатынмын. Жақсы, иә. Жұмыс кестесе өте тиімді. Жалақымыз жақсы.

Мұндай мамандық иелерінің бәрі бірдей дипломын кәдеге жарата қоймайды. Өйткені жастардың көбі кеңседе жұмыс істеуді қалайды екен. «Ал жол құрылысы саласы төзімділікті, еңбекқорлықты талап етеді, сондықтан екінің бірі келе бермейді» дейді сарапшылар. Мәселен, жол сапасын қадағалайтын кәсіпорынға екі зертханашы мен екі инженер қажет екен. Мұндай кадрларды таппай сарсаңға түскен ұйым басшылығы енді студенттерді ақылы тағылымдамадан өткізуге көшіп жатыр.

Абылайхан Алшынбаев "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК БҚО филиалының директоры:

- Біз 3-курста оқитын 5 студентті өндірістік машықтан өткізуді жоспарлап отырмыз. Оқу орнымен келісім жасалып жатыр. Студенттер әрі тәжірибе жинақтайды әрі жалақы алып отырады. Тағылымдама 5 айға созылады. Кейін бізде тұрақты жұмысқа орнаса алады. Кадр тапшылығын осы әдіс арқылы шешіп көрмекпіз

Облыста жол құрылысы мамандарын даярлайтын жалғыз колледжде дәл қазір 400-ден астам студент оқып жатыр. Оқу орнына аймақ қазынасынан жыл сайын 300 млн теңге шамасында қаражат бөлінеді екен. Әйткенмен саладағы маман тапшылығы қоғамды әлі толғандырып отыр. Компанияларға геодезист, автогрейдер жүргізушісі, инженер және лауазымды қызметтерге мамандар жетіспейді. Студенттердің тәжірибесін жетілдіру мақсатында былтыр колледжің техникалық базасы жаңартылған. Сондай-ақ жол құрылысы техникасының машинисін даярлау құзіреті пайда болды. Түлектерді тұрақты жұмыспен қамту үшін 30-дан астам әлеуметтік серіктеспен байланыс орнатылған. Дуалды оқыту әдісі арқылы білім алған студенттердің тағылымдама мерзімі жұмыс өтілі ретінде есептеледі. Ал алдағы оқу жылы шәкіртақы екі есе өскелі тұр. 

Мирас Сапарғалиев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- «Жас маман» жобасына қатысып, осы жол құрылысы мамандықтары бойынша 252 млн теңгеге жаңартылған халықаралық стандарттарға сәйкес құрал-жабдықтар жабдықталды және осы «Жас маман» жобасы аясында құзіреттілік орталық құрылды осы мамандықтарды даярлауға. Қазіргі кезде оқу бағдарламасына сәйкес 151 адам практикада өндірістік орындарда. Соның ішінде 17 адам дуалды оқыту бойынша. Былтыр 134 адам бітірсе, соның 60 пайызы жұмысқа орналасты таза өзінің мамандығы бойынша. 

Кәсіби маман тапшылығы жолдың сапасына да кесірін тигізері сөзсіз. Құрылыс барысын бағамдаған жұмыс топтары биылдың өзінде 120 материал сынамасының 40 шақтысы талапқа сай келмейтінін анықтаған. Сонымен қатар жолды күтіп ұстау жұмыстарында да кемшіліктер байқалып отыр. Жергілікті сала басшылары түйткілді шешуге бағытталған кешенді жұмыс жоспарының біртіндеп оң нәтиже береріне сенімді. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов