Павлодарда оқушылар экологиялық акцияға қатысты

Павлодарда оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны аялауға бағытталған «Экобум» науқанына белсене қатысып жатыр.

Жоба шеңберінде мектептерде экологиялық және қайырымдылық шаралар тұрақты өткізіледі. Оқушылар пластиктің бірнеше тоннасын жинап, жиналған қаражатты қайырымдылыққа жұмсады.

«Экобум» - экологиялық әрі қайырымдылық акция. Оған облыстың барлық мектеп оқушылары белсенді қатысып жатыр. Балалар пластик қақпақтарды жинап, қайта өңдеуге тапсыруға атсалысуда.

Мирослава Жукова, оқушы:

– Ата-анаммен бірге үш ай бойы қақпақтарды жинадық. Енді тапсыруға келдім. Анам пластиктің зияны туралы түсіндірді. Табиғатқа зиянын келтірсе де, одан басқа да заттарды жасауға болады. Сондықтан акцияға қатысуды шештік.

Пластик қақпақ қайта өңделетін сапалы материал. Шикізатты балқытып, кеспетас пен тұрмысқа қажет өзге де заттарды жасауға болады. Бүгінде бір келісінің бағасы 120 теңгеден асады.

Ғалымжан Талғат, оқушы:

– Бірінші анам айтты, осылай жинайық, сосын мектепке апарасын деді. Сосын мен жарайды деп айттым, сосын жинадым. Біз 7-8 бөтелке жинадық.

Экологиялық жоба алғаш рет өткен жылы қолға алынған. Басты мақсат – келер ұрпақты табиғатты аялап, қамқор болуға шақыру. Ал пластик қалдықтарынан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.

Әсем Аипова, ұйымдастырушы:

– Біріншіден, балаларды қайырымдылыққа шақырамыз. Балалардың мейірімділікке тәрбиеленуі және экологиялық мәдениетті қолдау болып табылады. Өткен жылы осы науқанда үш мың тоннаға жуық қақпақты жинап, қатты ауруға шалдыққан баланың шотына аударсақ, биыл да осындай мейірімді, жақсы іс жасаймыз. 

Былтыр оқушылар жинаған 2800 келі пластик қақпақ қайта өңдеуге тапсырылды. Нәтижесінде 167 мың теңге көлемінде қаржы түсті. Ал осы жолы үш мың тоннадан астам пластикалық қалдық жиналған.

 Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков