Ақмола облысының демалыс орындары жазғы маусымға дайындалып жатыр

Ақмола облысына демалуға баратын туристер саны артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар биыл 1 млн-нан астам адам келеді деп болжап отыр. Әсіресе Бурабай мен Зерендіге сұраныс жоғары. Қазір аймақтағы 400-ге жуық демалыс орны жазғы маусымға дайындалып жатыр.

Бұл – Зерендідегі демалыс орындарының бірі. 300-ге жуық адамға дейін қабылдай алады. Демалушыларға ыңғайлы әрі көрікті жерде орналасқандықтан жылда сұраныс көп түседі. Қожайындарының айтуынша, биыл алдын-ала тапсырыс берушілер көбейген.

Юлия Шумилова, демалыс орнының әкімшісі:

- Иә, бізде қазір маусым, шілде айларына бронь жүріп жатыр. Бізде ашық аспан астындағы бассейн, арқан жолақтар, ағаш үстінде арнайы жасалған бөлмелер бар. Жазғы маусымға толығымен дайынбыз.

Ал Бурабайдағы демалыс орнындары емдік-сауықтыруға басымдық беріп отыр.

Әйгерім Шыңғысова, демалыс орынының директоры:

- Қазақ өзі қонақжай халық қой. Сондықтан қонақ күтіп алу аса қиындық соқтырмайды. Біздің қонақ үй отбасылық болып келеді. Медикалық емдер қосып жатырмыз. Бассейн, спа, хамамдардан бөлек, емдік шараларды көбейтіп жатырмыз.

Иә, көрікті қос өлке де туристерді, ең алдымен, өзінің тылсым табиғатымен тамсандырады. Саф ауасы мен ну орманы адамды еріксіз баурап алады. Десе де туристік аймақтағы баға мәселесі әлі шешілмей тұр. Қызмет көрсету сапасы мен бағаның қымбаттығы бәсекелестік күшейгенде ғана реттеледі, - дейді мамандар.

Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы Бурабай қымбат деген халық арасында пікір қалыптасып қалған ғой. Бірақ біздегі баға туристердің тікелей өздеріне байланысты. Яғни, олардың келетін уақыты, алатын қызметі бәрі баға жүзінде байқалады. Ал жалпы биылғы баға жан басына шаққанда 15 мың теңгеден басталады.

Маусым кезінде курорттық аймақта қоқыс мәселесі күрделене түседі. Бұған дейін қоқыс тастайтын орындар мен жәшіктердің аздығы туралы талай рет айтылып келеді. Сондай-ақ көлік тұрақтары тапшы. Бұл проблема биыл біршама шешіледі.

Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Бурабай курорттық аймағында қосымша тағы 100 қоқыс жәшігі орнатылады. 57 контейнер мен  27 контейнерлік алаңда қарастыралады. Әсіресе тұрғындар көп жүретін аумақтарға орнатып жатырмыз. Сондай-ақ 500 орынға шақталған көлік тұрағын да салып жатырмыз.

Өңірде туризмді дамытуға мүмкіндік зор. Ең бастысы, сұраныс жоғары. Енді тек қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттыруға жіті көңіл бөлу қажет.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.