Қазақстан хакер шабуылына ұшырауы жағынан жетінші орында тұр

Қазақстан кибершабуылға ұшырайтын мемлекеттік және жекеменшік компаниялардың, сондай-ақ жеке азаматтардың саны жағынан әлемде 7-орында тұр.

Бұл жөнінде Сyber Security Weekend - 2023 халықаралық конференциясында белгілі болды. Алматыда өткен іс-шараға Түркия мемлекетінен, Таяу Шығыс және Африка елдерінен сарапшылар қатысты.

Сyber Security Weekend жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінде өтеді. Конференцияға компъютерлік қауіпсіздік жөніндегі білікті халықаралық сарапшылар қатысады. Кездесуде жаңа трендтер анықталып, киберқауіптен қорғанудың жүйелі әдістері талқыланады. Биыл «Касперский зертханасы»  Сyber security weekend-ті Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдапты. Мамандар еліміздегі цифрландыру деңгейімен IT-инфрақұрылымның дамуына оң бағасын берді. Дегенмен көңіл бөлер тұс әлі де бар.

Дмитрий Галов, Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

- Қазақстанда ерекше қорғауды қажет ететін инфрақұрылымдар көп. Ол кен өндіруші және өңдеуші компаниялар. Ақша табуды көздеген киберқылмыскерлер олардың әлсіз тұсын табуға тырысады. Себебі кәсіпорын, заводтардың жұмысы тоқтаса орасан шығын келетінін жақсы біледі.

Сарапшылардың мәліметінше Қазақстан кибершабуыл жасалған елдердің арасында 7-орында екен. Мекемелермен қатар қарапайым компъютер қолданушыларынада қауіп төнген. Сондай-ақ қазақстандықтардың 20 пайызы ескірген Windows 7 операциялық жүйесін қолданады.

Амин Хасбини, ғаламдық зерттеулер тобы және қауіптерді талдау бөлімінің жетекшісі:

- Ескірген операциялық жүйелермен жұмыс істеу оңай емес. Оларды қолданатын адамдар шабуылға жиі ұшырап жатады. Әсіресе онлайн-банкинг, әлеуметтік желілер мен әртүрлі мессенджерлер дәрменсіз. Қорғанысты күшейту үшін кешенді шешімдер қабылдау қажет.   

Біздің елде киберқауіптің әлеуметтік инженерия деген түрі жиі кездеседі екен. Қарапайым тілмен айтсақ телефон алаяқтары. Ірі компаниялар кибертыңшылыққа тап болуда. Мысалы, мекеменің ішкі жүйесіне кіру жолдарын бөтен адамға сату жағдайы кездеседі. Мұндай заңсыздықтың кесірі бірнеше жүз миллион теңге шығынға батыруы мүмкін. Егер еліміздегі цифрландыру процесі қазіргі жылдамдықта дами беретін болса, киберқауіптің түрлері де қарқынды дамиды, дейді сарапшылар.

Аршын Кемелжан, Радик Джакупов